Павлодар қаласының әкімдігі "Жайлы мектеп" салатын жер таппай жатыр

Павлодар қаласының әкімдігі "Жайлы мектеп" салатын жер таппай жатыр
Фото: Massaget.kz / Е. Базарқұл

Павлодар қаласының әкімдігі жарты жылдан бері мектеп салатын жер таппай жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жайлы мектеп" бағдарламасымен бой көтеретін білім ошағы Усолка шағын ауданында салынуы тиіс. Өйткені, жыл сайын қанат жайып келе жатқан мөлтек ауданда мектепте орын тапшы. Павлодар қалалық білім беру бөлімінің дерегінше, Усолкадағы 2204 оқушыға арналған екі мектепте 3600-ден артық бала білім алады. Яғни, 1416 оқушыға орын жетіспейді. Мектеп салуға әкімдік үш жерді қарастырды. Оның бірі 100 жылдан аса тарихы бар кеме жөндеу зауыты, екіншісі зағиптар қоғамының өндірістік базасы және осы аумақта орналасқан жер үйлер секторы. Былтыр күзде әкімдік өзен жағасындағы кеме жөндеу зауытының жеріне көз тіккен. Алайда, "су қорғау аймағында мектеп салуға болмайды", деп прокуратура тарапынан қарсылық болған.

Ақпанда әкімдік зағиптар қоғамының оқу-өндірістік базасы орналасқан жер учаскесін алуға шешім шығарып, мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулы қабылдады. Көз жанарынан айырылған жарым жандар өрлі-құрлы хат жазып, Президентке дейін үндеу жолдады. Сондай хаттың бірі халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкіл, әрі Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжанға жіберілген. Депутатқа Павлодар облысының прокуратурасы былай деп жауап беріпті.

"Орын алған бұзушылықтарды қаперге ала отырып, Павлодар қаласының прокуратурасы 2024 жылдың 15-наурызында қалалық әкімдіктің атына ұсыныс енгізді. Онда құрылыс салу жобасын және жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулыны жою ұсынылды".

Белгілі болғандай, Павлодардағы "Қазақ зағиптар қоғамының" оқу-өндірістік базасы орналасқан жер өнеркәсіптік аймақ болып саналады. Ал, өндірістік аймақта мектеп салу жер кодексі мен сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңның нормаларына қайшы.

Енді, Павлодар әкімдігінде үшінші нұсқа қалды. Ол үшін жеке сектордан 48 участок сатып алу керек. Бұл ұзаққа созылатын процесс. Ал, Президент тапсырмасы бойынша “Жайлы мектеп” құрылысын биыл бастау қажет.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә