Екібастұз қаласының 38 жастағы экс-әкімі Ержан Иманзаипов Павлодар қаласының әкімі болып тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар қаласының жаңа әкімі кандидатурасы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде келісіліп, қалалық мәслихат депутаттары мақұлдаған.
Ержан Иманзаиповтың екі жоғары білімі бар. Ол Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің түлегі. 2010 жылы Алматы экономика және статистика академиясын бітірген. Еңбек жолын 2006 жылы "Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" бас маманы болып бастады.
2006-2007 жылдары Қазақстан Республикасы индустрия және сауда министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің жетекші маманы болған. 2007-2011 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жетекші маманы, сарапшысы болып жұмыс істеді. 2011-2013 жылдары Ақмола облысы табиғи монополияларды реттеу департаменті директорының орынбасары болды. 2013-2014 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаменті директорының орынбасары болып жұмыс істеді.
2014-2016 жылдар аралығында Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2016-2017 жылдары Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары болды. 2017 жылдың қарашасынан 2019 жылға дейін Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметін атқарды. 2019-2020 жылдары Екібастұз қаласының әкімі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!