Forbes Ресейдегі ауқатты кәсіпкерлердің рейтингін жаңартты. Ең бай 200 адамның тізіміне "ВКонтакте" әлеуметтік желісі мен Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров кірді. Тізімде 135-орын алған Дуровтың байлығы 600 миллион долларға бағаланған.
Рейтингте 14,4 миллиард доллармен НОВАТЭК-тің негізгі акционері Леонид Михельсон көш бастады. Үздік бестікке "Альфа-Групп" иесі Михаил Фридман (13,3 миллиард доллар), Алишер Усманов (12,5 миллиард), Владимир Потанин (12,1 миллиард) және Геннадий Тимченко (12,1 миллиард) енді.
Айта кетейік, халықаралық санкциялар мен мұнай бағасының күрт төмендеуі рейтингтің өзгеруіне әкеп соққан. Ресейдегі ауқатты 200 адамның байлығы бір жылда 48 миллиард долларға қысқарғаны белгілі болды.
Дереккөз: tengrinews