Патшаның анасы қайтыс болды: бір жылдық аза тұту жарияланды

Патшаның анасы қайтыс болды: бір жылдық аза тұту жарияланды
Фото: depositphotos.com

Таиланд патшасы Маха Вачиралонгкорнның (Рама X) анасы, патшайым Сирикит 93 жасында дүниеден өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Bangkok Post басылымына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, патшайым жұма кешке Тай Қызыл Крест қоғамының маңындағы Патша Чулалонгкорн атындағы ауруханасында көз жұмған.

Патшайымның денсаулығын дәрігерлер 2019 жылғы 7 қыркүйектен бері бақылап келген. Оның бірнеше созылмалы ауруы және түрлі ағза жүйелерінің қызметі бұзылғаны хабарланған. 17 қазанда патшайым-ананың қан инфекциясы анықталып, дәрігерлердің бар күш-жігеріне қарамастан, жағдайы нашарлап, 93 жасында өмірден озған.

Патша патшайым-анамен қоштасу рәсімін дәстүрге сай, ең жоғары деңгейде өткізуді тапсырды. Сондай-ақ, ол отбасы мен сарай қызметкерлері үшін бір жылдық аза тұту мерзімін жариялады.

Сирикит 1932 жылғы 12 тамызда Бангкокта дүниеге келген. Пхумипон Адульядет патша (Рама IX), 1946 жылдан 2016 жылға дейін билік еткен монарх, онымен шетелде жүрген кезінде құда түсіп, 1950 жылғы 28 сәуірде Бангкокта некелескен. Сол күні ол "Ұлы мәртебелі патшайым" атағын иеленген. 5 мамырда, тәж кию рәсімінде, ресми түрде толыққанды патшайым дәрежесіне көтерілген.

Патшайым Сирикит Таиланд халқының шексіз құрметіне ие болған. Ол өмірін ауылдық өңірлердің дамуына, әйелдердің қоғамдағы рөлін нығайтуға және дәстүрлі тай өнері мен қолөнерін сақтауға арнады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget