Пәтерлер, қымбат көліктер тәркіленді: Ақмола облысында қылмыстық топтың 21 мүшесіне сот үкімі шықты

Ақмола облысында шамамен 2 млрд теңге көлемінде заңсыз несие рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топ әшкере болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Ақмола облысының мамандандырылған прокурорлары аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталған ұйымдасқан қылмыстық топтың 21 мүшесіне қатысты соталды тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеу барысында қылмыстық топ мүшелері азаматтардың жеке дерегін заңсыз пайдаланып, алдау арқылы екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан заңсыз несие рәсімдегені анықталған.

Олардың қылмыстық әрекеті салдарынан келтірілген жалпы материалдық залал - шамамен 2 млрд теңге.

Сот үкімі

Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 21 адам кінәлі деп танылып, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар, қылмыстық жолмен келген мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Оның ішінде Алматы қаласында орналасқан пәтерлер, сондай-ақ, Lexus LX 570, Toyota Land Cruiser 200, Toyota Camry маркалы көліктер және өзге де қымбат көліктер бар.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!