- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Пәтерден бас тартқан...
Пәтерден бас тартқан канадалық студент киіз үйде тұрып жатыр
Пәтерден бас тартқан студент Майкл Джеффри табиғатты жақсы көреді екен де, коммуналдық қызмет үшін төлеуді ұнатпайды екен. Сондықтан пәтер жалдаудың орнына ол өз күшімен киіз үй сатып алып, көшпенділердің осы үй түрінде тұрып жатыр, − деп хабарлайды BuzzFeed.
Жігіт Камлупс қаласындағы Thompson Rivers университетінде оқиды. Оның айтуынша, киіз үйде тұру қалыпты пәтерлерге қарағанда арзанға түседі екен. Студент киіз үйдің тағы бір тұсы деп баспананы оңай көшіруге болатынын атады. Ол оқу мекемесіне 10 минутта жаяу баратын жерде тұрады.
Майкл мұндай шешімге жаз бойы Эдмонтондағы досының киіз үйінде тұрып шыққандықтан барғанын айтып берді. Студент жерді жалға алу үшін ғана қаражат шығындайды. Бұл айына 150 доллардай сома. Үй ішінде ол пеш орнатып, электр тогынан бас тартыпты. Ал ноутбугі мен телефонын таяудағы кафеде қуаттап алады екен.
"Менің кейбір достарым бір бөлмелі пәтер жалдау үшін ай сайын 400 доллар төлейді. Сондықтан менің үнемім айдан анық", − дейді Майкл киіз үйді мақтап.
Майклдың айтуынша, қазіргі канадалықтар орталық жылыту жүйесі болмаса өмір сүре алмайды. "Барлығымыз жайлылыққа үйреніп алғанбыз. Бірақ ертеде адамдар осылай өмір сүрді ғой. Меніңше, киіз үй − өмір сүруге сай келетін баспана", − дейді ол.
Дереккөз: tengrinews
С. Ерсін