Атырау облысында пәтердегі өрт кезінде екі баланың өліміне қатысты күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін Атырау облысының Индер ауданында 25 сәуірде өрт болған пәтерден 10 және 7 жастағы екі баланың мәйіті табылғаны хабарланған еді.
"Аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы оқиға орнында қалып қойған жанар-жағармай құйылған ыдысты тапты. Жақын маңдағы жанар-жағармай құю бекетінде бензин құйылған ыдыс сатып алған 31 жастағы ер адам бейнекамералардың көмегімен анықталды. Ол зардап шеккен адамның танысы болып шықты. Жедел іздестіру шаралары барысында күдікті Оралға жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп хабарлады Атырау облыстық полиция департаменті.
Полицейлердің мәліметінше, күдіктінің үстінен кісі өлтіру бабы бойынша іс қозғалған.
Ол өмір бойынша бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салайық, 25 сәуірде сағат 05:40-та Атырау облысы Индер ауданы Индербор кентінде тұрғын үйдің пәтерлерінің бірінде өрт болып жатқаны туралы хабар түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде пәтер толығымен өртеніп кеткен.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз