"Пәтерде емес гаражда оянғандай боламыз". Көкшетауда тұрғындар үйлерінде отырып қалтырап отыр

"Пәтерде емес гаражда оянғандай боламыз". Көкшетауда тұрғындар үйлерінде отырып қалтырап отыр
Фото: Автордан

Қылышын сүйреткен қыс басталмай жатып Көкшетау қаласының тұрғындары пәтерлерінде мұздап отырғанын айтып шағымданды. Тұрғындардың айтуынша үйдегі бөлмелердің температурасы 19 градустан аспайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қала тұрғындарының мәліметінше әсіресе Жайлау, Элеватор және басқа да қаланың шеткері аудандарында температура төмендеп қаланың шеткі аудандарында тіпті жылытқыш қосып отыруға мәжбүр болған. Батареялар тым суық болғандықтан қала тұрғындары "Көкшетау Жылу" коммуналдық кәсіпорнына шағымдарын хабарлаған. Бірақ одан еш нәтиже болмағанын айтады. 


"Қала әкімдігіне және "Көкшетау Жылу" коммуналдық кәсіпорнына да шағымдандық. "Жайлау" шағын ауданындағы үйлер өте суық. Батереялар сап-салқын. Ал іс жүзінде қол тигізбейтіндей ыстық болуы керек қой. Бөлме температурасы 19 градустан аспайды. Бұл дегеніңіз сұмдық қой. Әсіресе таңертең үйдің іші мүлде суып кетеді. Тіпті үйде емес гаражда оянғандай боласың. "Көкшетау Жылу" коммуналдық кәсіпорнына тиісті шара қабылдап, маман жіберуді және шын мәнінде бәріне көз жеткізуді сұрадық. Бірақ ешкім біздің жанайқайымызға назар да аудармады. Көрші үйлердің бәрінде де осындай жағдай", - дейді "Жайлау" шағын ауданының тұрғындары. 

Тұрғындар коммуналдық кәсіпорынға жүгінгендерін айтқанымен коммуналдық кәсіпорын тұрғындардың сөзін жоққа шығарды. Кәсіпорын мәліметінше аталған аудандағы мекенжайдан ешқандай шағым түспеген. 

"Кәсіпорынның диспетчерлік қызметіне аталған мекенжай бойынша ешқандай шағым түскен жоқ. Жылу инспекциясы қызметкерлері аталған мекенжайларға инспекциялық шығу ұйымдастырылып, тиісті шаралар жүргізілетін болады", - деді "Көкшетау Жылу" коммуналдық кәсіпорнынан. 


Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы