- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Пәтерді жалға бергенде...
Пәтерді жалға бергенде депозит алу заңды ма?
Жалға тұрғын үйді іздегенде, хабарландырудан иесі депозит сұрайтынын жиі көруге болады. Бұл қаншалық заңды? Заңгерлер пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі krisha.kz-ке сілтеме жасап.
- Депозит беру керек пе?
Депозит- жалға алушы ай сайынғы төлемді жасамай көшіп кетсе немесе мүлікке зақым келтірсе, жалға беруші кепілдік ретінде алатын белгілі бір сома. Ол сақтандыру ретінде жүреді.
Заң бойынша депозит міндетті емес, ерікті саналады. Заңгерлер пікірінше, ол заңмен реттелмейді.
"Депозит тараптардың қалауы бойынша жасалады. Жалға беруші талап етсе, жалға алушы келіссе де, келіспесе де болады немесе соманы азайта алады, тек келісім арқылы", - деді заңгер Бақыт Қасымбеков.
Жалға алушы көшіп кірген кезде депозит төлегісі келмесе, бұл - оның құқығы.
Көбіне депозит сомасы бір айлық жалдау құнына тең. Қазір барлығы депозит талап етеді және онсыз жалға берілетін пәтерді табу мүмкін емес.
- Депозит қалай рәсімделеді?
Депозит алу шарттары, сондай-ақ, оны қайтару жалға алу келісімшартында анық көрсетілуі керек.
"Келісімшарт сіздің құқығыңызды қорғайды. Оның барлық шарты мүмкіндігінше тиімді болуы үшін осы құжатты әзірлеуге уақыт аямаңыз. Келісімшартта былай жазамыз: жалға алушы жалдау ақысынан басқа депозит төледі (соманы санмен және сөзбен, теңге екенін жазыңыз)", - деді заңгер Анар Отбасарова.
Одан бөлек былай көрсету керек:
- Алынатын заттар мен мөлшері. Мысалы, жиһаз немесе тұрмыстық техника бүлінген жағдайда сынған заттың құны алынады.
- Депозитті қайтару шарттары. Жалға алу келісімшарты аяқталғаннан кейін мүлікке зиян келмесе, коммуналдық қызметтер мен жалдау ақысын төлеу бойынша қарыз болмаса, жалға беруші депозитті толығымен жалға алушыға қайтарады.
Келісімшартта депозит жалға алу мерзімі аяқталғанда жалға алу ақысы ретінде қызмет ететінін көрсете аласыз.
Келісімшарт мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда депозитке не болатынын келісімшартқа қосу да маңызды. Стандарт келісімшар бойынша жалға алушы мерзімінен бұрын көшіп кетсе, депозит пәтер иесінде қалады. Бұл жағдайда ол бос қалған пәтердің орнын толтырады.
"Онлайн аударым болса, хабарламада мақсатын көрсетіңіз: пәтерге депозит. Қолма-қол ақшамен берсеңіз, қолхат сұраңыз. Жалға беруші жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болса және салымды алғаннан кейін түбіртек берсе тіпті жақсы", - деді заңгер Анар Отбасарова.
- Қай кезде депозит пәтер иесінде қалады?
Кепілдік мүлікке зақым келген жағдайда немесе жалға алушы келісімшарт талаптарын бұзған жағдайда жалға берушіге кепілдік болады.
Мына жағдайларда депозит қайтарылмайды:
- Жалға алушы аяқ астынан көшіп кеткенде немесе келісімшартты бір жақты тәртіппен бұзғанда (келісімшартта өзгеше көрсетілмесе).
- Коммуналдық қызмет бойынша қарыз болса (қарызды депозитпен өтеуге болады).
- Пәтерді тапсыру кезінде зақымдалған немесе жоғалған мүлік табылса.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова