Таяуда студенттерге оқу жылы басталып, үлкен қалаларда пәтерді жалға алу өзекті болады. Пәтерді жалға алуда неге назар аудару керегін білесіз бе? Massaget.kz тілшісі мамандардан пәтерді жалға алуда ескерілуі керек факторларды сұрады.
Қала шетінен үй жалдау
Риелтор Жанар Әкімова пәтер жалдамас бұрын ескерілуі қажет факторларға тоқталды.
"Ең алдымен, пәтер жалдау үшін өзіңізге қажет критерийлерді толық зерттеңіз. Мәселен, жұмыс пен балабақшаның арасы тұрғылықты мекенжайыңыздан қаншалықты алыс екенін есептеген жөн. Одан бөлек, жалдамалы пәтердің инфрақұрылымы да шешуші роль атқарады. Екіншіден, кез келген адам өзінің қаржылық мүмкіндігін дұрыс бағалауы керек. Бірі қаланың қақ ортасынан пәтер жалдаса, екіншісі орталықтан шалғайда орналасқан ауданнан үй іздеп, 50-70 мың теңгеге шығын көлемін азайтады. Дегенмен, бұл жерде ескерілетін жайт бар. Кейбір адамдар осы сома үшін, тіпті, бұдан да аз қаражатты үнемдеймін деген оймен қателесіп жатады. Неге десеңіз, күнделікті жолға кететін ақша сіз үнемдеген сомадан асып кетуі ғажап емес. Оған кептелісте тұрған уақытты қоссаңыз, ұтылатыныңыз анық", - деді риелтор.
Иллюстрациялық сурет: smi44.ru
Келісімшарттың маңызы зор
Әкімованың сөзінше, пәтерді жалға беруші мен жалға алушы арасындағы келісімшарттың маңызы зор.
"Көп жағдайда пәтер жалдаушылар екіжақты келісімшарттың маңызына мән бермейді. Бұл - жалға беруші мен жалға алушы арасында болуы міндетті құжат. Дәл осы құжатты сауатты рәсімдеу арқылы көптеген қиындықтың алдын алуға болады. Мысалы, елдегі экономикалық ахуалға байланысты пәтер бағасы жиі өзгеріп отырады. Осы кезде келісімшартқа отырмаған пәтерді жалға алушылар баға өсімімен бетпе-бет келуі мүмкін.
Одан бөлек, үй иесі кез келген уақытта коммуналдық қызметтің құнын сіздің мойныңызға артып қоюы ғажап емес. Егер келіспесеңіз, жалға беруші сізді үйден шығарып тынады. Себебі ол нарық бағасын аңдып отыр. Екіншіден, келісімшартта пәтерді жалға алу мерзімі көрсетіледі. Демек, жалға алушы белгілі бір уақытқа дейін кезекті жаңа пәтер іздеумен уақытын құртпайды. Үшіншіден, келісімшартта үй жиһазы мен техникасының тізбесі көрсетіледі. Бұл мүлікке зиян келтіру жолын кесу үшін қажет шарт" - дейді хоумстейджер.
Фото: elements.envato.com
Жалға алушы белгілі бір мерзімге ақша төлеп қоюы мүмкін, ал осыдан кейін үй иесі кез келген уақытта келіп, олардың шығуын талап етіп, алдын ала төленген ақшаны қайтармауы ықтимал. Мұнымен қатар, пәтер иесі жалға беру ақысын негізсіз өсіре салуы да мүмкін.
Риелтор таңдауда неге назар аудару керек?
Жанар Әкімова риелторлардың қызметі туралы айтып, оларды таңдау кезінде неге назар аудару керек екенін түсіндірді.
"Риелторлардың көмегін тиімді пайдалану үшін белгілі заңдылықтарды түсінген дұрыс. Риелторлар тұрғын үй нарығындағы тенденцияның бәрін жақсы біледі және олар жалға алушы психологиясын зерттеумен айналысады. Сондықтан риелтормен ашық әңгіме жүргізген, ең алдымен, өзіңізге тиімді болып тұр. Мысалы, қаржылық жағдайыңыз бен мақсатыңызды айқын жеткізу керек. Одан кейін риелтор қызметінің бағасын келісіп алған жөн. Айта кетейін, риелтордың жұмысын бағалайтын сіз ғана, сол себепті пайыздық мөлшерлемені бірден келісіп алуға мүмкіндік бар. Ең маңыздысы, Желіде қаптаған алаяқтардың құрсауына түсіп қалуға болмайды. Риелтор таңдауда оның бұған дейін атқарған жұмыстары мен құжатын талап етуге толық құқыңыз бар", - дейді Жанар.
Пәтерді өзіңіз іздесеңіз
Жанар Әкімова риелторсыз, яғни өздігінен жалдамалы баспана іздеу жолына тоқталды.
"Риелтордың көмегінен бас тартып, өз бетіңмен пәтер іздеуге де болады. Егер пәтер іздеумен айналысуға уақытыңыз жеткілікті болса, бұл процесс қиынға соқпайды. Бүгінде белгілі платформалардың көмегімен Қазақстанның түкпір-түкпірінен өзіңізге қажетті үйді қарастыруға болады. Мысалы, Krisha.kz қосымшасында өзіңізге қажетті критерийлерді таңдап, сұрыптау жасауға болады. Сол кезде біршама уақыт үнемдеуге болады. Таңертең және кешке міндетті түрде сол сайтқа кіріп, бір шолып шығу керек, себебі осы уақыттарда хабарландыру жиі шығады", - деді ол.
Фото:elements.envato.com
Пәтерді қарау кезінде не нәрсеге мән беру керек?
Подъезд жағдайы. Подъезд бен баспалдақтар маңызды. Ескі лифттер жиі бұзылатынын да ескеріңіз. Жоғары қабаттан үй жалдасаңыз, алдағы уақытта бұлар қолайсыздық тудыруы мүмкін.
Пәтерде хабарландыруда көрсетілген жабдықтың бәрі барына көз жеткізу маңызды. Егер бір жабдық тозған болып көрінсе, пәтер иесінен оны ауыстыруға бола ма, жоқ па, сұрап алған жөн. Одан бөлек, үйдегі жабдықтардың бірі бүлініп не техникалардың бірінде ақау болса, пәтер иесіне ескерткен жөн. Оны келісімшарт жасарда жазып алған да дұрыс. Кейін пәтерден шығар кезде артық проблема болмайды.
Розеткаларды, электр және жылу жүйесін тексеріңіз. Үзілген розеткалар, зақымдалған немесе ашық сымдар болмауы керек, себебі бұл қауіпті және өртке әкелуі мүмкін. Ыстық және салқын суды да тексеріп алыңыз.
Пәтерде Wi-Fi және цифрлық телевизия қосу мүмкіндігін де сұрап алған жөн. Соңында коммуналдық төлемдер мен ай сайынғы төлемдерді қалай төлеу керегін талқылаңыз.