- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Пәтер ішін қалай...
Пәтер ішін қалай жоспарлаған дұрыс? Маман кеңесі
Бүгінде елімізде баспаналы болуға мүмкіндік беретін түрлі ипотекалық бағдарламалар бар, сондықтан өз пәтеріңізді алу бұрынғыдай қиынға соқпайды. Ал пәтерді сатып алғаннан кейінгі ең қиын кезеңнің бірі - жөндеу жұмыстары. Жөндеу жұмыстарына қатысты нақты жоспардың болуы қаражат, уақыт және жүйкені үнемдеуге көмектеседі. Мұндай кезде кез келген ұсақ-түйекке назар аударып, асықпай шешім қабылдаған жөн. Әйтпесе кейін өкініп қалуыңыз әбден мүмкін. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде неге мән беріп, ескеру керегін білу үшін интерьер дизайнер Евгения Бабецпен тілдесті.
Маманның айтуынша, пәтер іші дұрыс жоспарланса, қосымша кеңістік босап, оны пайдаға жаратуға болады, тіпті бір бөлмелі пәтер екі бөлмеліге айналады. Сондықтан тапсырыс беруші өз қалауын нақты білуі өте маңызды.
"Дизайн өнері - белгілі бір адамның қалауын ескеріп, интерьер дизайны арқылы оның өмір сүру деңгейін жақсарту. Интерьер дизайнын жасау үшін адамның тілектері, хоббиі, өмірлік құндылықтары ескеріледі, бұл адам ашық немесе жабық сөрелерді қаншалық жақсы көреді, ол нені ұнатпайды. Бәріне жіті назар аударылады", - деді маман.
- Нысанды таңдаған кезде оның қалай жоспарланатынын алдын ала ойланыңыз;
- Заң бойынша әрекет етіңіз, әйтпесе кейін айыппұл төлеуіңіз мүмкін;
- Кеңістіктің көзге тартымды әрі пайдалы болатынына ден қойыңыз;
- Нәтижені визуалдау, өйткені көзіңізге елестеткен нұсқаңыз шынайы нәтижеден айтарлықтай айырмашылығы болуы ықтимал.
View this post on Instagram
Евгения Бабец пәтерде балалары бар отбасы өмір сүретін болса, кез келген отбасы мүшесінің жеке бөлмесі болуы керегін айтты.
"Ауданы 50 шаршы метр пәтерде балалары бар отбасы тұратын болса, мұнда әрқайсысысың жеке жатын бөлмесі және әркімнің бос жұмыс орны болғаны жөн. Әдетте 50 шаршы метрлік пәтерде екі терезе болады, ал бір терезе - бір бөлмеге тең. Сондықтан қонақ бөлмесін құрбан етуге мәжбүрлік туындайды немесе балалар қонақ бөлмесінде ұйықтайды немесе қонақ бөлмесі және асүйді біріктіріп, қалған екі бөлме тек ұйықтауға, демалуға арналады", - деді ол.
Пәтер жоспарының мұндай түрі балалар бір жынысты болса ғана көпке дейін қызмет ете алады. Өйткені сарапшының сөзінше, түрлі жынысты балалар 10 жастан асқаннан кейін бөлек бөлмеде тұруы қажет.
"Түрлі жынысты балалар бір бөлмеде 10 жасқа дейін өмір сүре алады, ал кейін олардың бөлек бөлмелерде тұрғаны дұрыс", - дейді ол.
Асүйді қонақ бөлмесімен біріктіруге бола ма?
"Асүйді қонақ бөлмесінен бөлек не бірге болуы пәтер иесінің қалауына байланысты. Себебі, асүйдің жеке болғанын қалайтындар бар, немесе керісінше, асүйді басқа бөлмемен біріктіріп, кеңістікті үлкейткісі келетіндер де бар. Мысалы, жас отбасы көбінесе тамақ дайындай бермеуі мүмкін, оларға біріккен асүйдің түрі қолайлы нұсқа болады. Ал егер бірнеше баласы бар үлкен отбасыға асүйдің жабық болғаны дұрыс, өйткені олар көп болғандықтан, жиі тамақ дайындауы мүмкін", - дейді ол.
Евгения Бабец ауданы кішкентай пәтерде асүйді бөлек қылу үшін оны терезесіз бөлмеге орналастыруға болатынын айтады.
"Бұған дейін айтқанымдай, әдетте ауданы 50 шаршы метрлік пәтерде тек екі терезе болады. Жатын бөлмеде міндетті түрде терезе болуы керек деп есептейтін болсақ, асүйде терезе болмайды. Мұның ең тиімді нұсқа екенін айтқым келеді, өйткені тамақты тым көп дайындайтын үлкен отбасыға асүйдің мейлінше бөлек болғаны дұрыс. Терезесі жоқ жатын бөлмеге қарағанда, терезесі жоқ асүй дұрысырақ. Терезесі жоқ жатын бөлмеде зәк пайда болады, бактерия қаптайды", - деп түсіндірді маман.
View this post on Instagram
Маман ас үйді өту аймағына көшіруге кеңес бере ме?
"Егер пәтердің ауданы тым кішкентай болса, асүйді әрі-бері өтетін аймаққа шығаруға болады. Бірақ пәтерде көп адам тұрмауы шарт. Бұл көбінесе студент немесе көбінесе тамақ қуынып, дайындай бермейтін адамдарға тиімді нұсқа", - деді ол.
Асүйді қонақ бөлмесімен біріктіргенде немесе өту аймағына көшіргенде асханалық ауа сорғыш маңызды рөл атқарады.
"Кез келген асүйде ауа сорғыш болуы шарт. Ал қонақ бөлмесімен біріккен немесе өту аймағына көшірілген асүйде ауа сорғыш болуы тіптен маңызды. Ауа сорғыш негізі асүйдің ауданына қатысты қойылады, ал біздің жағдайдағы асүйге қуатты ауа сорғыш қою қажет. Егер асүй әрі-бері өтетін аймаққа көшірілсе, ауа сорғыштың әлеуеті бүкіл пәтерді қамтуға жететіндей қуатты болуы керек. Сәйкесінше, ауа сорғыш қуатты болған сайын, оның бағасы да қымбат болады", - деді ол.
View this post on Instagram
Кіреберіс бөлмеге қатысты кеңестер
Маман кіреберіс бөлмесінің жиһазын пәтерде тұратын адам санына қарап ойластыруға кеңес берді.
"Мұнда адам санына қарау қажет, өйткені бір адамға кем дегенде 4 аяқ киімнен есептейтін болсақ, 4 адам өмір сүретін пәтердің кіреберісіндегі жиһазға 16 аяқ киім сыюуы керек. Үйде егде жастағы немесе балалар бар болса, аяқ киім киіп-шешетін кезде отыратын орындық қажет. Сонымен қатар, кіреберістің мейлінше бөлек болғаны дұрыс. Недегенімен кіреберіс лас аймаққа жатады, ол ашық болса, аяқ және сырт киіммен бірге келген кір барлық пәтерге тарайды", - деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, ол лоджия мен бөлмені біріктіру қаншалық дұрыс екенін айтты.
"Лоджия мен бөлмені біріктіру мүмкіндігін қабырғаның көтергіш болып-болмауы шешеді. Мысалы 5 этаждық панельді үйде лоджия мен бөлмені біріктіруге болмайды, өйткені екеуін бөлетін көтергіш қабырға. Бұдан бөлек, балкон әдетте салқын болады, оны жылыту қажет. Бөлмені жылыту үшін тағы бір батарея қосатын болсаңыз, көршілеріңіздің пәтері суып кетуі мүмкін, себебі сіз оларға бөлінген жылуды өзіңізге тартып аласыз. Ал бөлмедегі батареяны балконға шығаратын болсаңыз, ауа температурасы әлдеқайда төмендеп, бөлме салқындайды", - деп қорытындылады Евгения Бабец.
View this post on Instagram
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә