Пәтер мен қымбат көлік сатып алған: Алматы облысында экс-депутат алаяқ деген күдікпен ұсталды

ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті Алматы облысы Қарасай аудандық Мәслихатының экс-депутатына қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық және қылмыстық кірісті заңдастыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жай

Мемлекеттен субсидия алу мақсатында күдікті Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасына "Награда" түріндегі таңқурай көшеттерін сатып алу туралы жалған құжаттар ұсынған. Сомасы 947 млн теңге болады.

"Нәтижесінде ол 474 миллион теңге деп көрсетілген соманың 50% көлемінде заңсыз субсидия алған. Бұл кірісті жылыстату мақсатында күдікті 21 жеке кәсіпкермен көшеттерді орау, тиеу, түсіру жұмыстарын орындау үшін жалған келісімшарттарды қамтитын көп деңгейлі схема әзірлеген, бірақ іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмаған. Бұл жалған келісімдер мен төлем құжаттары негізінде 431 млн теңге сомаға қолма-қол қаражат алынды", - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар, ұрланған қаражаттарды заңды айналымға тарту мақсатында ол жұбайының атынан бағалы қағаздармен операциялар жүргізіп, қосымша 89 млн теңге табыс тапқан.

ҚМА пікірі

ҚМА мәліметінше, бұл табысқа ол Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтер және Toyota Highlander көлігін сатып алған.

"Осы мүлікке, сондай-ақ, 50 млн теңге ақшаға, 91 млн теңгенің бағалы қағаздарына тыйым салынды. Мемлекеттен ұрланған 170 млн теңгені күдікті Қонаев қаласындағы казиноға құртқаны белгілі болды", - деп жазылған хабарламада.

Сот санкциясымен күдікті 2 айға қамауға алынды.

Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысында Мәслихат төрағасы мен депутат пара берді деген күдікке ілінді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!