Алматыда желтоқсанда жантүршігерлік автобус апаты болған еді. Оқиға кезінде зардап шеккен автобус жүргізушісі де ауруханаға түсті. Кейінірек жүргізуші әйел ауруханадан шыққаны белгілі болды. Әлеуметтік желіде әйел оқиға қалай болғанын айтып беретін видео тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
НеМолчиKZ қоры жариялаған видеода әйел ауруханада жатқанда тергеушілер келгенін айтады.
"Болған жағдайда қайтыс болған адамдардан көңіл сұраймын. Арты қайырлы болсын. Менің тарапымнан ешқандай жаман ниет болған жоқ. Мұндай жағдайды жауыма да тілемеймін. Өзімді кінәлі деп есептемеймін. Жолаушы мені есімнен танғанша ұратынын елестеткен де жоқпын. Ауруханада жатқанда екі тергеуші келді. Екеуі де "сіз жәбірленушісіз, сіздің кінәңіз жоқ" деді. Енді ауруханадан шыққаннан кейін менің үстімнен ауыр бап бойынша іс қозғалғанын білдім. Өзім де пәтер жалдап тұрамын, екі баланы асырап отырмын. Солар үшін адал еңбек еттім. Неге маған мұндай ауыр айып тағылып отыр? Сондай соққы жемесем, ешқашан мұндай жағдайға жол бермес едім. Әділ шешім шығатынына сенемін. Пікірлерде "жүргішумен неге сөз таластырдың?" деп жазып жатыр. Мен онымен ұрысқан жоқпын. Камерадан көрініп тұр ғой, оған қарамадым да. Тек жолға қарап отырдым. 1000 жолаушы кіріп, 1000 жолаушы шығады. Олардың әрқайсына қарап, сөйлесіп отыра алмаймын. Оған уақытым да жоқ. Ал ол кезде көпірдің қауіпті бұрылысына келдім. Көпірге үнемі "бісімілләмді" айтып көтерілемін, көпірден түскенде де үнемі "бісімілләмді" айтып түсемін. Оянған кезде автобус көпірден құлады деп ойладым. "Қалай болды, көпірден құладық па?" деп айғайладым. "Жоқ, бірақ жол апаты болды" деді. Қалай, не болғанын - бәрін аураханада түсіндім", - дейді автобус жүргізушісі Ермек Шөкебаева.
Айта кетейік, Алматы полициясы жантүршігерлік автобус апатына байланысты жүргізуші әйелден жауап алынғанын растаған еді.
"Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша Алматы қалалық ПД анықтау басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі, 351-бабы 3-бөлігі және 293-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Қоғамдық көлік жүргізушісі К. есімді азаматшадан жәбірленуші ретінде қылмыстық істер аясында жауап алынды", - делінген хабарламада.
Еске салайық, автобус апаты 2023 жылғы 22 желтоқсанда Алматыда Қалқаман шағынауданы маңында болды. Автобус аялдаманың жанында тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысты. Салдарынан үш адам қаза тауып, жеті адам зардап шекті.
Кейін қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адам ұсталғаны белгілі болды.
Жол апаты қалай болғаны бейнебақылау камерасына да түсіп қалған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз