Жетісу облысында кәмелетке толмаған баланы зорлады деген күдікпен ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы әлеуметтік желіде белгілі болды. Instagram-дағы жазбаға сәйкес, бұл іске қатысты күдікті адам - Amanat партиясының аудандық бөлімшесінде басшылық қызмет атқаратын адам. Жазба авторы ер адам жеті жастағы баланы зорлағанын айтады.
Бұл дерекке қатысты Amanat партиясының Жетісу облысы бойынша бөлімшесі пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, осы айда партия мүшелеріне қатысты қылмыстық тергеу жүргізілмеген. Ведомствоның баспасөз қызметіндегілер әлеуметтік желідегі ақпарат жіті тексерілетінін атап өтті.
"2024 жылдың тамызынан партия қызметкерлерінің ешқайсы әкімшілік жауапқа тартылмады және қандай да бір іс бойынша күдікке ілінген жоқ. Ақсу аудандық бөлімшенің экс-басшысына қатысты: ол өз еркімен 1 тамызда жұмыстан кеткен", - дейді партияның облыстық бөлімшесінің баспасөз хатшысы Қымбат Сейдахмет Tengrinews.kz тілшісіне.
Ақсу аудандық полиция бөліміндегілер күдікті ұсталғанын хабарлады. Алайда полицейлер күдіктінің кім екенін ашып айтпаған.
"Соталды тергеу басталды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қажет сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүріп жатыр", - дейді полицейлер.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз