Партия мәжіліс депутаты Гауһар Танашеваның отставкасын түсіндірді

Партия мәжіліс депутаты Гауһар Танашеваның отставкасын түсіндірді
Фото: Parlam.kz

Мәжіліс депутаты, Қазақстан халық партиясы (ҚХП) фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов депутат Гауһар Танашеваның отставкасына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Магеррамовтың сөзінше, Танашеваның Мәжілістен кетуі қандай да бір нақты себептерге байланысты емес, ол өзіне жүктелген міндеттерді орындап шықты.

"Танашеваның кетуіне нақты себеп бар ма?" деп сұрады тілшілер Мәжіліс кулуарында.

"Жоқ. Себебі - жаңа міндеттер. Гауһар Танашева өз жұмысын істеді, әлеуметтік мәселелерді көтерді, енді жұмысшы мамандықтары бойынша жаңа міндеттер тұр. Бізде бұл бағытта өз көзқарасымыз бен түсінігіміз бар, қалай жасау керектігін білеміз. Дәл осы мәселемен депутат Нұралин айналысатын болады", - деп жауап берді Магеррам Магеррамов.

Сондай-ақ ол мұндай ротацияның қалыпты тәжірибе екенін атап өтті.

"Партияның міндеті - жұмыс істеу. Біз жұмысшы мамандықтарын белсенді түрде насихаттауға дайынбыз, бүгін мен осы мәселеге қатысты депутаттық сауал жолдаймын. Асылбек Нұралинге нақты міндеттер қойылған, біз кәсіподақтар туралы заң жобасының бастамашысымыз, ол осы мәселемен айналысады", - деді Магеррамов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Гауһар Танашеваның Мәжіліс депутаты ретіндегі өкілеттігін тоқтатқанын хабарлады. Ол 2023 жылдың 28 наурызынан бері депутат болған. Кейін Орталық сайлау комиссиясы Асылбек Жамашұлы Нұралинді Парламент Мәжілісі депутаты ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдады. Бүгін ол Мәжілісте ант берді.

 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Бақдаулет