Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Парламенттің қазіргі құрамы 1 шілдеге дейін жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, азаматтар референдумда жаңа Конституция жобасын қолдаса, Сенат пен Мәжілістің өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін сайлау өтуге тиіс. Ал жаңа Парламент 1 қыркүйекте жұмысын бастайды.
"Қазақстан халқы Конституция жобасын қолдаса, бұл құраммен 1 шілдеге дейін жұмыс істейміз. 1 қыркүйектен бастап жаңа Парламент жұмыс істей бастайды", - деді Сенат төрағасы.
Сонымен қатар, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанда жаңа Конституция күні ретінде алдағы референдум өтетін күн, яғни 15 наурыз белгіленуі мүмкін екенін айтты.
Референдум қашан өтеді?
Еске салайық, 2026 жылы 11 ақпанда Конституциялық комиссия Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынды.
Кейін Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа қол қойды.
2026 жылы 12 ақпанда жаңа Конституция жобасы жарияланды. Жаңа Конституция референдумда қабылданған жағдайда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл туралы жаңа Конституция жобасында айтылған.

Референдум - азаматтардың ең маңызды мемлекеттік, өңірлік немесе жергілікті мәселелер бойынша тікелей ерік білдіру нысаны (жалпыхалықтық дауыс беру). Референдум арқылы заңдар қабылданады, Конституцияға өзгерістер енгізіледі немесе шешуші саяси мәселелер қаралады. Әдетте референдумда қабылданған шешімдердің күші міндетті болады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова