- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Парламентке келмеңіз". Депутаттарға...
"Парламентке келмеңіз". Депутаттарға өнеркәсіп министрі ұнамай қалды
Мәжілістегі Үкімет сағатында депутаттарға Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың есебі мен сұраққа жауап беру мәнері ұнамай қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгінгі отырыста Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібі талқыланды.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек министрдің есебі ұнамағанын ашық айтты.
"Бүгінгі Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың баяндамасы мен Мәжілістегі Үкімет сағатына көңілім толмады. Себебі, министр Парламент Мәжілісінің алдында емес, өзінің ұжымының алдында сөйлеп тұрғандай әсерде болдым.
Статистикада нақтылық жоқ. Мысалы, біз министрден нақты инвесторларды білгіміз келді. Есебіңізді оқып шықтым. Нақты инвесторлардан сіз Samsung, KIA және бірнеше неміс компанияларын жұмыс істеуге шақырғансыз. Демек сіз біздің алдымызда ештеңемен мақтана алмайсыз. Cіз алдымызға ұлттық экономикамызға қаржы құйған қандай инвесторларды шақырғаныңызды айту үшін келдіңіз? Бұдан қарапайым халық не ұтады? Соңғы тұтынушы – халық", - деді депутат.
Оның пікірінше, министр мәселені білмесе, Парламентке келмеуі керек.
"Альберт Павлович (Мәжіліс төрағасының орынбасары), мен министрдің жауапкершілік мәселесін көтергім келеді. Ол Мәжілістегі Үкімет сағатында депутаттардың ескертуін елемей отыр. Министр мырза, сіздің жүйкеңіз шыдамаса, Парламентке келмеңіз. Сіз Парламентке депутаттардың алдында есеп беру үшін келдіңіз. Депутат дегеніміз халық. Депутаттар ыңғайсыз сұрақтар қойса да жауап беріңіз. Сіз халықтың алдында жауап беруіңіз керек", - деді Бақытжан Базарбек.
Оның сөзін депутат Мұрат Әбенов толықтырды.
"Мен 5 сұрақ қойдым, соның біреуіне де жауап ала алмадым. Депутат Бақытжан Базарбек дұрыс айтты. Бүгін министр не үшін келді? Бұл есеп беру емес қой. Біз "Ықпалды Парламент, есеп беруші Үкімет" деп айтамыз. Дегенмен де Үкімет сағаты келіп, ақылдасып, проблеманы ортаға салып, бір-бірімізге шыңдықты айтатын жер ғой. Мен бостан босқа айтқан жоқпын. Өткен жылы 170 жоба іске асуы керек болды. Ол зауыттар жұмыс істеуі керек еді. Оның сегізі ғана акт бойынша іске қосылған. Бірақ бұл туралы бірде-бір ақпарат естіген жоқпыз", - деді ол.
Депутат министр Қанат Шарлапаев жұмыс істей алмаса, орнын босату керек деген ұстанымда.
"Депутат Бақытжан Базарбектің айтуынша, Кублей зауыты, асфальт зауыты, цемент зауыты барлығы жабылудың алдында тұр. Министр ол туралы бірде бір сөз айтпайды. Бізге әдемі күліп, жауап беріп тұр. Меніңше, күлетін емес, жылайтын нәрсе. Министр жылдың соңына дейін 1 млн шина шығарамыз деп айтты. Егер шынымен азамат болсаңыз, жылдың аяғына дейін 1 млн шина шықпаса, онда отставкаға беріңіз. Бере аласыз ба? Әлде үндемей бізге тағы күліп жағдайды айтып кетесіз бе? Үкімет алдағаннан кейін халық бізге де сенбейді", - деді Мұрат Әбенов.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Есен