- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Парламент «Тұрғын үй...
Парламент «Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы» ҚР жаңа Заңын қабылдады
2016 жылдың 10 қазанынан бастап Қазақстанда «Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы» ҚР жаңа Заңы күшіне енетін болады. Соған сәйкес елдегі үлескерлік құрылыс талаптары күшейтілетін болады. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады.
«Парламент «Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы» ҚР жаңа Заңын қабылдады. Ол 2016 жылдың 10 қазанынан бастап енгізілетін болады. Жаңа заңнамаға сәйкес, үлескерлердің қаражатын тартудың үш тәсілі қарастырылған. Бірінші тәсіл – қор кепілдігін алу арқылы үлескерлердің қаражатын ұлғайту мүмкіндігі. Екіншісі – жергілікті атқарушы органның рұқсатымен, екінші деңгейлі банктің қатысуымен, және үшіншісі - жергілікті атқарушы органның рұқсат беруімен, тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін», - деп хабарлады Астана қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Досқұлов Астана әкімдігіндегі баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, құрылыс салушылар келесі талаптар орындалған кезде ғана үлескерлердің қаражатын тарта алады. Ол - жер учаскесінің болуы, тұрғын үй нысандары құрылысының шығындары сметасынан тұратын мемлекеттік сараптаудан өткен жобалық-сметалық құжаттама, сондай-ақ, тиісті инженерлік коммуникацияларды қосу жұмыстары.
«Кепілдік беру қорымен шартқа қол қойып, кепілдікке ие болған жағдайда, құрылыс салушы қаражаттарды тартуға құқылы болады. Қалған екі тәсіл бойынша тек жергілікті атқарушы органнан үлескерлердің қаражатын тарту бойынша рұқсатын алған кезде ғана жүзеге асырылады. Бұл қызметті жергілікті атқарушы органда, яғни Астана қаласының әкімдігінде қала сәулеті басқармасы орындайтын болады. Мұнда құжаттарды қабылдау мен қарастыру жұмыстары және үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаттама дайындалатын болады», - деп сөзін түйіндеді Д. Досқұлов.
Еске сала кетейік, әлеуетті үлескерлер мен құрылыс салушылар кез-келген туындаған сұрақ бойынша Астана қаласы әкімдігінің call-орталықтарына 1414 телефоны бойынша хабарласуы керек.
T. Кіршібаев