Парижде не болды? Қазақстан азаматтары Франциядағы наразылықтың куәсі болғанын айтты

Парижде демалған Қазақстан азаматтары кейінгі жылдардағы ең ірі тәртіпсіздіктің куәсі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында Әмір мен Гүлнәр Дәулетовтер Парижде бір апта болғанын айтты. Олар Францияға мерейтойын атап өтуге ұшып барып, 19 қазанда Астанаға оралған. Сапар мерзімі Франция астанасындағы жаппай тәртіпсіздікпен тұспа-тұс келген.

Публикация от Амир Давлетов (@amirdavletov) 

17 қазанға дейін наразылық шаралары олардың жоспарына кедергі келтіре қоймаған. Ерлі-зайыпты қаланы аралап, саяхаттарын жалғастыра берген.

17 қазанда таңертең Әмір мен Гүлнәр Парижде оқушылар мен студенттердің шеруі өтетінін білген, бірақ бұған аса мән бермеген. Дегенмен акцияға дайындықты бірден байқаған: көшелерде полиция қызметкерлері көбейіп, кейбір дүкендер витриналарын қорғаныс конструкцияларымен жаба бастаған.

"Асықпай таңғы асымызды ішіп, естелікке романтикалық суреттерге түсу үшін фотобудкаға бардық, жақындарымызға кәдесыйлар сатып алдық. Түстен кейін кешкі асқа киім ауыстыру үшін қонақүйге бет алдық. Жолда жастардың шеруіне тап болдық", - деді Әмір.

Суретті Әмір Дәулетов ұсынған

Оның айтуынша, сол сәтте жағдай қалыпты болған, шеруге қатысушылар ән айтып, өзара қалжыңдасып жүрген.

"Соған қарамастан, біздің қонақүй орналасқан аудан қоршауға алынды. Полиция өте сыпайы түрде кейбір көшелер жабық екенін және даңғыл бойымен әрірек жүруіміз керек екенін ескертті. Нәтижесінде біз шеруге қосылып, жарты сағаттай жергілікті жастармен бірге жүрдік. Көңіл күй көтеріңкі болды: адамдар ән шырқап, қалжыңдасып жүрді", - деді ол.

17 қазанда кешке қарай жағдай өзгерген. Қонақүй терезесінен Әмір мен Гүлнәр өрт пен түтінді көріп, көшеден қатты дыбыстарды ести бастаған. Соған қарамастан, ерлі-зайыпты кешкі асқа шықпақ болған.

Суретті Әмір Дәулетов ұсынған

Бірақ олар мейрамханаға жете алмаған. Ерлі-зайыптыны тағы да полицейлер тоқтатып, кері қайтуды өтінген.

"Олар бізбен өте сыпайы сөйлесті. Бізге: "Өте өкінішті, бірақ сіздер бұл ауданға өте алмайсыздар. Қонақүйлеріңізге қайтқандарыңыз дұрыс болар" деді. Біз бұрылып, кері қайттық", - деді ол.

Суретті Әмір Дәулетов ұсынған

Қайтар жолда ерлі-зайыпты қираған витриналар, өрт, полициямен қақтығысқа куә болған. Оның айтуынша, осы сәтте қорқыныш болған, бірақ ерлі-зайыпты дүрбелеңге бой алдырмаған. Олар қонақүйге оралып, кештің соңына дейін сонда болған.

18 қазанда таңертең Әмір мен Гүлнәр тағы да қалаға шыққан. Әмірдің айтуынша, бұл уақытта жағдай тұрақталған, бірақ көшелерде түнгі тәртіпсіздіктің салдары қалған.

"Біз негізгі оқиғалар болған Революция алаңына дейін серуендеуге шықтық. Жолда қираған витриналарды, өртенген көліктер мен электр велосипедтерін, бояу жағылған ғимараттар мен ескерткіштерді көрдік", - деді ол.

Наразылық шаралары қала ішіндегі қозғалысқа да әсер еткен. Акция өткен күні көшелердің бір бөлігі жабылып, келесі күні таксимен жүруде қиындық туындаған. Болып жатқан жағдайға қарамастан, ерлі-зайыпты сапарын мерзімінен бұрын тоқтатпаған. Әмір қауіпсіздікке алаңдағанын, әсіресе, қасында жұбайы болғандықтан және отадан кейін әлі толық оңала қоймағандықтан, уайымдағанын мойындады. 19 қазанда ерлі-зайыпты Астанаға оралған.

Айта кетейік, 17 қазанда Францияда қымбатшылыққа қарсы наразылықтар өтіп, оған түрлі есеп бойынша 500 мыңнан 800 мыңға дейін адам қатысқан. Наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Парижде бүлікшілер көліктер мен ондаған дүкенді қиратты. Олар Марсельде мэрия ғимаратына басып кірсе, Лионда қалалық туристік кеңсенің ғимаратын өртеп жіберді. Полиция бүкіл ел бойынша 2000-нан аса адамды ұстады.

Бұл оқу жылы басында мектеп оқушыларының наразылығынан басталған акциялардың жалғасы болды. Оқушылар үкіметтен білім беру жүйесін қаржыландыруды ұлғайтуды және жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын реформалауды талап еткен еді.

Көп ұзамай мектеп оқушыларына студенттер, кәсіподақтар, фермерлер және "сары жилеттер" қозғалысының өкілдері де қосылды. Олардың барлығы Франциядағы бюджет дағдарысы аясында байқалып отырған қымбатшылыққа қарсы шықты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!