Париж тұрғындарына 100 жылдан аса уақыттан кейін алғаш рет Сена өзенінде заңды түрде шомылуға рұқсат етілді. 5 шілдеде арнайы шомылу аймақтары ресми түрде ашылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі euronews.com басылымына сілтеме жасап.
Париж әкімі Анн Идальго бұл бала кездегі арманы екенін айтты.
Үш нүктеде де душ, киім ауыстыратын орындар мен шезлонгтар орнатылған, өзге бөліктен оқшауланған. Арнайы шомылу аймақтарынан тыс жерде суға түсуге тыйым салынған.
1923 жылдан бастап Сенада өзеннің ластануы мен кеме қозғалысына байланысты шомылуға тыйым салынған. Алайда былтыр Париж билігі мен Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитеті өзенді тазарту үшін 1,4 млрд еуроға жуық қаржы құйды, қазір Сенадағы су сапасы Еуропалық одақтың стандарттарына сай келетіні айтылды.
Экологтар өзен суындағы бактерия деңгейінің ресми шекті мөлшерден әлдеқайда төмен екенін растады.
"Біз екі бактерияны - ішек таяқшасы мен энтерококкты қадағалаймыз. Біреуінің деңгейі рұқсат етілген мөлшерден он есе, екіншісі - 25 есеге төмен", - деді Иль-де-Франс аймағының префекті Марк Гийом.
АР тілшісінің айтуынша, кей жерде өзенде қоқыс байқалғанымен, ешқандай жағымсыз иіс сезілмейді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек