Биыл Парижде өткен Олимпиада ойындарына қатысқан семсерлесуден Қазақстан құрамасының мүшесі Ерлік Сертайды соққыға жығып кетті. Бұл туралы спортшының өзі Instagram-дағы парақшасында оқырмандарына айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Семсерлесушінің сөзінше, үйіне қайтып келе жатқанда жағымсыз жайтқа тап болған. Ол жігіт пен қыздың жанжалдасып жатқанын естіген. Кейін жігіттің қызды шашынан сүйреп бара жатқанын көріп, қызға араша түспек болған.
"Алдыңғы күні мен достарымның үйінен шығып, өз үйіме қайтып бара жатқанда жігіт пен қыздың ұрысып жатқанын көрдім. Иә, ұрысып жатыр екен. Кім ұрыспайды? Әрірек кетіп қалдым, бір кезде айғайды естідім. Бұрылып қарасам, жігіт оның шашынан тартып жатыр екен. Мен не істей алушы едім? Жүгіріп барып: "Сабыр сақтаңдар, бұларың не?" дедім. Жігітті ақылға шақырмақ болдым", - дейді қазақстандық семсерлесуші видеода.
Алайда спортшы бейтаныс жігітті тыныштандыра алмаған көрінеді.
Ерліктің айтуынша, ол қазақстандық спортшыға агрессия көрсетіп, әдепсіз сөздер айта бастаған.
Екеуінің арасындағы жанжал бір кезде төбелеске ұласып, отандық спортшының көзіне жұдырық тиген.
"Біз алыса бастадық, қыздың айғайын естідім. Шамасы, осы айғайдан соң тағы да жігіттер жүгіріп келіп, бізді ажырата бастады. Бәрі тынышталғандай болды: бәрі тынышталды, бізді ажыратып алды. Қыз маған қарап былай деді: "Неге біреудің ісіне араласасың, өзіміз шешіп алар едік қой", - деді Ерлік Сертай.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!