Пара алу схемасы мен WhatsApp-хабарламалар: “Ертіс орманының“ бұрынғы басшысы 12 жылға сотталды

Пара алу схемасы мен WhatsApp-хабарламалар: “Ертіс орманының“ бұрынғы басшысы 12 жылға сотталды

"Ертіс орманы" мемлекеттік табиғи резерватының бұрынғы бас директоры орманды отын ретінде заңсыз кесіп, сатқан қылмыстық іс бойынша 12 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Павлодарда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта "Ертіс орманы" мекемесінің бұрынғы басшысы мен оның үш қызметкеріне қатысты үкім шығарылды.

Айыпталушыларға орманды ұрлау, пара алу, ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу баптары бойынша айып тағылды. Тергеу мәліметінше, 2022 жылдан 2023 жылға дейін олар отындық және технологиялық ағаш ретінде көрсетіп, орманды заңсыз кесіп, сатумен айналысқан. Мемлекетке келтірілген залал шамамен 153 миллион теңгені құрады.

Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет (Антикор) бұл қылмыстық іске қатысты деректерді жариялаған болатын. Олар күдіктілердің видеожазбаларын, әңгімелерін және WhatsApp-хабарламаларын ұсынды. Атап айтқанда, хабарламаларда ұйымдасқан топ мүшелері ағаш кесуге және коммерциялық ағашты кәсіпкерлерге сатуға рұқсат алу үшін пара беру схемасын қолданғаны анықталған.

Сот шешімі
Сот барлық төрт айыпталушыны аса ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, "Ертіс орманының" бұрынғы бас директорын 12 жылға бас бостандығынан айырды. Оның үш қызметкері 10 жылға сотталды.

58 жастағы тағы бір фигурант, тергеу нұсқасы бойынша, аса ірі көлемде орман ұрлығына көмектескені үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынды.

"Айыпталушылар Б., Т., В. және Б.-ға ұзақ мерзімді жаза мен мүлікті тәркілеу жазасы тағайындалды. Тергеу кезінде оларға заңсыз тәсілдер қолданылғаны туралы айтылған уәждер расталмады. Сот үкім шығарғанда жеңілдететін мән-жайларды ескерді: кәмелетке толмаған балалары бар, жағымды сипаттамалар ұсынылған, сондай-ақ үшеуі келтірілген залалдың бір бөлігін өтеген", – деді судья Нұрлан Айтбаев үкімнің резолютивтік бөлігін оқығаннан кейін.

Сот төрт сотталушының әрекеттерінен ауырлататын мән-жайларды таппады. Сонымен қатар, "Ертіс орманы" табиғи резерватының материалдық шығынды өтеу туралы талабын ішінара қанағаттандырып, 120 миллион теңгеден астам соманы өндіріп беру туралы шешім шығарды.

Сот процесі барысында заңбұзушылықтарға жол берген екі адвокатқа қатысты жеке қаулы қабылданды.

Еске сала кетейік, "Ертіс орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының бұрынғы басшысы 2024 жылғы қаңтарда қамауға алынды. Кейінірек оның үш әріптесі де ұсталды. Өткен жылдың шілдесінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл іс бойынша WhatsApp-хабарламалар жазылған видеоны жариялаған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget