- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- паникалық шабуыл
Паникалық шабуыл неден пайда болады? Психиатр жауап берді
Өзіңізде паникалық шабуыл болғанын қалай білуге болады және ол неден пайда болады? Бұл сұраққа дәрігер-психиатр, психотерапевт Арайлым Шыңғысханқызы "Мамский әңгіме" подкастында айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маманның айтуынша, паникалық шабуыл үнемі үрейде жүргеннен пайда болады.
"Паникалық шабуыл - үрейдің бір түрі. Дәрігерге кей адамдар "мен сау едім, неге менде кенеттен паникалық шабуыл пайда болды?" деген сұрақпен келеді. Ал шындығында адам өзінде үрей бар екенін байқамайды. Өйткені ол үйреніп қалған нәрсе. Яғни ол адамда үрей бұрыннан бар, ол жинала келе паникалық шабуылға алып келеді", - деді Арайлым Шыңғысханқызы.
Маман өзіңізде паникалық шабуыл бар екенін қалай білуге болатынын түсіндіріп берді.
"Паникалық шабуылды бір рет басынан өткізген адам оны ешқашан ұмытпайды. Паникалық шабуыл кезінде аяқастынан, еш себепсіз, бірден өлім қорқынышы келеді. Жүрек қатты соғады. Ол кенеттен пайда болады және адам ол кезде істеп жатқан тірлігін жалғастыра алмайды. Мысалы, кей науқастарым көлік жүргізіп келе жатып, паникалық шабуыл басталатынын айтады. Олар мұндай кезде көлікті тоқтатады. Қазір өмірмен қоштасатындай сезімде болатындарын айтады. Еш себепсіз. Оның ұйқысы қанған болуы, бәрі жақсы болуы мүмкін. Оған қарамайды. Екінші қорқыныш - есі ауысып бара жатқан секілді ойлар. Демек, бұл адамдар бұған дейін ұзақ уақыт үрейлі ойлармен жүрген. Сондай-ақ мінез-құлық бойынша, үрейлі адамдар бейім келеді. Зерттей келе көпшілік науқас бала кезінен, жасөспірім кезінен үрейлі болған болып шығады. Олар үнемі бір қысымда жүреді. Яғни адам ұйқыдан оянады, оған бірден түрлі үрейлі ойлар келеді. Әрине, психика мұндайға шыдамайды", - дейді дәрігер.
Арайлым Шыңғысханқызы үрейлі ойларға не жататынын айтты.
"Қалыпты жағдайда кейбір үрейлі ойлар бізге жата бермей, әрекет етуге көмектеседі. Мысалы, "енді қалай күн көремін" деген ой мазаласа, сіз жұмыс жасауға кірісесіз. Алайда үрейлі адамдар жоқ нәрсенің өзінен қорқады. Мысалы, бәрі сау болса да, "ертең анам қайтыс болса ше", "балаларым ауырып қалса ше" деген ойлардан мазасызданады", - дейді маман.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова