Қызылордалық Әйгерім Бақытжанқызы - пандемия кезінде хоббиін табысты кәсіпке айналдырған ару. Ол жасаған ерекше үлгідегі мүсіншелерге сұраныс жоғары, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана медицина университетінде білімін тәжірибемен ұштастырып жүрген кейіпкеріміз карантиннің пайдасы тигенін жасырмады.
"Жолдасым екеуміз немен айналысуға болатынын ақылдастық. Сөйтіп жүргенде шетелдік шеберлердің өзгеше өнерін көріп, "соны елге әкелсек қалай?!" дедік. Ортақ шешімге келген соң Астанада курс оқып, кәсіпті меңгердім", - деді Әйгерім.
Оның ерекшелігі, цемент тектес ұнтақ белгілі бір қалыпқа құйылған соң мүсінше пайда болады. Көбі балаларының туған күніне естелік сыйлық ретінде ұсынғанды қалайды. Кейіпкеріміз әркімнің ойындағы дүниені іс жүзінде көз алдына әкеледі.
"Ең бірінші тапсырысым досымның нәрестелі болу құрметіне арналды. Көрген жұрт таңданыс білдірді. Содан бастап инстаграмда жұмысымның жарнамасын жүргізе бастадым", - деді шебер кейіпкеріміз.
Бірінен бірі естіп-біліп тапсырыс беретіндердің саны артқан. Қала тұрғындарына қарағанда аудан, ауылдардан тұтынушылар көп көрінеді.
Назерке Саниязова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!