- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Палау пісірген". Украинада...
"Палау пісірген". Украинада жергілікті тұрғындарға көмектесіп жүрген өзбек азаматы қаза тапты
Украинаның Чугуев қаласында жергілікті тұрғындарға тегін палау таратып жүрген Өзбекстанның 36 жастағы тумасы Сардор Хакимов зымыран соққысынан қаза тапты. Бұл туралы украиналық БАҚ мәлімдеді, - деп хабарлайды Gazeta.uz.
"Оны барлық Чугуев тұрғыны танитын. Бәрі Сардор Хакимов соңына дейін бізбен бірге болады деп үміттенді. Ол біздің жадымызда сақталады. Мейірімді, күлімсіреп жүретін, жанашыр, әрқашан көмектесуге дайын адам болатын. Оның ерекше дәмді палауы мен сорпасын ұмыту мүмкін емес", - деп жазды волонтерлар.
Басылым мәліметінше, Сардор Хакимов атқылау кезінде жертөледе палау әзірлеп жатқан.
Марқұмның інісі Мансур Хакимов 2002 жылы Луганск облысына оқуға келгенін, екі жылдан кейін ағасын жұмысқа шақырғанын айтады. Осы жылдар ішінде Мансұр дүкенде жұмыс істеген, ал Сардор аспаз болған. Олардың Украинада жұмыс істеп жатқандарына 20 жылға жуықтаған.
"Луганск пен Чугуев халқы бізге жақсы қарады. Олар бізге ешқашан жақындап: "Сен өзбексің, туған жеріңе қайт" деп айтқан емес", - деді Мансур Хакимов.
Соғыс басталғаннан кейін ағайындылар отбасын Өзбекстанға жіберіп, өздері қайырымдылықпен айналысу үшін Чугуевте қалған. Соғыс басталғалы бері олар өз қаражаттарынан тегін палау жасап тұрғындарға тегін таратқан.
Г. Досымшалова