"Палаткада тұрып келген". Қызылордалық еріктілер 5 жылда 11 отбасыға үй салып берді

"Палаткада тұрып келген". Қызылордалық еріктілер 5 жылда 11 отбасыға үй салып берді
Фото: автордан

Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының ерікті жастары 5 жылда 11 отбасыға үй салып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жаңарған Жаңақорған жастары" қоғамдық қоры 2016 жылы көмекке зәру жандарға азық-түлік, киім-кешек таратудан бастаған. Ал 2018 жылдан бері 11 отбасыға жаңа қоныс сыйлады.

"2018 жылы Ақзила деген кісіге салып бердік. Күйеуі өмірден өткен, қызы мен оның мүмкіндігі шектеулі баласы үшеуі бірге палаткада тұрып жатқан. Баспанаға зәру екенін әлеуметтік желіден білдік. Бұл кісілердің өз баспанасына кіргендегі қуанышын көрсеңіз! Құрылысты бітіріп, үйге кіргенге дейін барлық отбасы үшін жаңалықты құпия ұстаймыз", - деді қоғамдық бірлестік жетекшісі Еркінбек Айнақожаев.

Қайырымдылық қоржыны жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен толығады. Ал үйді еріктілер асар әдісімен салады.

"Әр баспана теледидар, жиһаз, кілем, көрпе-төсекпен бірге беріледі. Тігінші қыз-келіншектер пердесіне дейін тігіп көмектеседі", - деді ұйым басшысы.

Қайырымдылық есебіндегі жаңа қоныс тек мүмкіндігі шектеулі баласы бар, көпбалалы жалғызбасты анаға немесе күйеуі жұмысқа жарамсыз көпбалалы отбасыға арналған.

Назерке Саниязова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz