Пәкістандағы вокзалда жарылыс болып, 20-дан аса адам қаза тапты

Пәкістанның Кветта қаласында орналасқан теміржол вокзалындағы жарылыс 21 адамның өмірін қиды. Оқиға салдарынан 30 адам жарақат алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Geo TV-ға сілтеме жасап.

Жарылыс теміржол вокзалының кассасында болған, мұнда пойыз жөнелтілмес бұрын көп адам жиналады.

Зардап шеккендер жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді, онда төтенше жағдай жарияланып, қосымша дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер жұмылдырылды.

Жергілікті биліктің айтуынша, зардап шеккендердің бірнешеуі ауыр жағдайда, қаза тапқандар саны өсуі мүмкін.

Полиция жарылысты жанкешті ұйымдастырған болуы мүмкін екенін хабарлады.

Оқиғаға қатысты басқа мәліметтер әлі айтылған жоқ.

Еске салайық, 23 қазанда жергілікті уақыт бойынша сағат 15:30 шамасында Түркия астанасы Анкарада да түрік аэроғарыш компаниясы TUSAŞ зауытының орнында теракт болғаны хабарланды. Ақпаратты X әлеуметтік желісіндегі парақшасында осы елдің ішкі істер министрі Али Ерликая растады. Анкара Бас прокуратурасы лаңкестік әрекетке қатысты тергеу жұмыстарын бастады.

Кейінірек Түркияның астанасында болған теракт туралы жаңа деректер жарияланды. 

"4 адам қаза тауып, 14 адам жараланды. Бұл жантүршігерлік лаңкестік әрекетті айыптаймын", - деді Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Анкара қаласының маңындағы TUSAŞ аэроғарыш корпорациясының ғимаратына жасалған лаңкестік шабуыл салдарынан бірнеше адам қаза табуына байланысты Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айтты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!