Пешавар қаласындағы мешітте болған лаңкестік әрекеттен қаза тапқандар саны 72 адамға жетті, - деп хабарлайды Geo TV.
Полиция мәліметінше, жарылыс мешіттің орталық залында сағат 13.00-де болған. Бұл кезде мешіт төбесі намаз оқығандарға опырылып түскен. Қауіпсіздік қызметкерлерінің айтуынша, жанкешті намаз уақытында өз-өзін жарып жіберген әрі ол алдыңғы қатарда тұрған. Мешіттің имамы Сахибзада Нұр ул Амин де жарылыстан қаза тапқан.
Шабуылдың жауапкершілігін тыйым салынған Техрик-и-Талибан Пәкістан тобы алған.
"Пешавардағы полиция бөлімшесінің аумағындағы мешіттегі жанкештінің шабуылынан зардап шеккендердің саны 72 адамға дейін жетті, өйткені құтқарушылар үйінді астынан тағы тоғыз мәйітті алып шықты", - делінген хабарламада.
Елдің уақытша бас министрі Мұхаммед Азам Хан 31 қаңтарды аза тұту күні деп жариялады.
Леди Рединг ауруханасының өкілі Мұхаммед Асим жарылыстан кейін 157 жаралы медициналық мекемеге жеткізілгенін айтты.
"44 адамның денесі де ауруханаға жеткізілді. Қазір жараланған 65-ке жуық адам Леди Рединг ауруханасында емделіп жатыр. Олардың кейбіреулерінің жағдайы өте ауыр, ал көпшілігінің жағдайы қанағаттанарлық", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Пәкістанда мешіт маңында жарылыс болып, 25 адам қаза тапқаны хабарланған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!