- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Пакетіңіз қоймаға келді"....
"Пакетіңіз қоймаға келді". Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды
Әлеуметтік желіде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, алаяқтар Қазпоштаның атын жамылып, қазақстандықтардың тапсырыс берген заттары келгенін айтады. Massaget.kz тілшісі бұл жағдай қаншалық шын екенін анықтау мақсатында Қазпоштаға жүгінді.
Алаяқтардың осындай мазмұндағы хаттарының бірі журналист Қымбат Досжанға да келіпті.
"Сіздің пакетіңіз қоймаға келді, бірақ мекенжайы толық емес болғандықтан жеткізу мүмкін емес. Төмендегі сілтемеге мекен жайыңыз туралы ақпаратты толықтырыңыз, біз сізге 24 сағат ішінде жеткіземіз. Қазақстан пошта қызметі", - деп жазылған журналиске келген хабарламада.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Дәл осы сипаттағы хат ғалым Райхан Имаханбетке де келген.
"Мынадай хабарламаға сенуге бола ма?! Ешқашан ешқайда тапсырыс берген емеспін. Күдік туғызады екен", - деп жазды Райхан Имаханбет Facebook желісінде.
Хатта айтылған ақпарат бұған дейінгі хат мазмұнымен бірдей.
Райхан Имаханбеттің әлеуметтік желідегі парақшасынан
Қазпошта өкілдері мұндай сипаттағы хаттар алаяқтардың ісі екенін мәлімдеді.
"Соңғы уақытта алаяқтар көбейді. Егер сіздің телефоныңызға сәлемдемеңіз келгені және жеткізу үшін толық мекенжай деректері жетіспейтіні туралы хабарлама келіп түссе, Қазпошта сайтына ұқсас күмәнді сайттарға (тауарды төлеу немесе жеткізу үшін) өту туралы өтінішпен сізді алдауға тырысады. Егер сіз сәлемдемені күтіп отырсаңыз, оның мәртебесін сайтта немесе post.kz мобильді қосымшасынан тексеруге болады", - деп жазылған Қазпоштаның Massaget.kz-ке жауабында.
Осы орайда пошта өкілдері қазақстандықтарға маңызды кеңестер берді.
"Ең бастысы банк картаңыздың нөмірін және CVV-кодын ешқашан ешкімге айтпағаныңыз дұрыс. Егер сіз күмәнді сайтта тауардың жеткізіліміне төлем жасау туралы шешім қабылдасаңыз, онда сіз бұл шешіміңіз үшін өзіңіз жауапкершілік аласыз. Қазпошта хабарламаларды тек 1499 ресми қысқа нөмірінен жібереді. Қазпоштаның ресми веб-сайты - post.kz. Сақ болыңыздар, достар!" - деп ескерту жасады пошта өкілдері.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова