Әлеуметтік желіде жүргізушіге "тағылмаған пакет" үшін әкімшілік айыппұл салынғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Алматы Полиция департаменті бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жүргізілген тексеріс барысында жарияланған сурет автоматты түрде құқықбұзушылықтарды тіркеу жүйесінің материалдарынан жеке алынып, шынайы мәнмәтіннен тыс таратылғаны анықталған.
"Алдыңғы жолаушылар орындығында тұрған пакет құқықбұзушылықты тіркеу нысаны болмаған және шығарылған әкімшілік қаулыға ешқандай қатысы жоқ. Автоматтандырылған жүйедегі бейнежазбада көлік жүргізушісі қозғалыс кезінде қауіпсіздік белдігін тақпай басқарғаны анық көрінеді. Әкімшілік жауапкершілік дәл осы Жол қозғалысы қағидаларын бұзу дерегі бойынша қолданылған", - деп жазылған хабарламада.
Алматы Полиция департаменті автоматты тіркеу материалдары бойынша шешімдер тек бір суретке емес, бейнежазбалар мен өзге де дәлелдердің толық жиынтығына сүйене отырып қабылданатынын мәлімдеді.
Жекелеген фотокадр нақты жағдайды толық көрсетпейтіндіктен, қоғамды жаңылыстыруы мүмкін. Осыған байланысты полиция азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!