- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ауылдағы мәселе
“Пакет киіп барады“. Маңғыстау облысында оқушылар жолдың жоқтығынан мектепке кіре алмай жүр
Маңғыстауда Атамекен ауылының оқушылары жолдың жоқтығынан балшыққа батып, мектепке кіре алмай жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атамекен ауылының тұрғыны Гүлістан Боранбаеваның айтуынша, көшелерде жол болмағандықтан елді мекен халқы жаңбыр жауса балшыққа батып, жүре алмай қалады.
"Біздің балаларымызды мектепке кіргізбейді. Аяқтарына пакет киіп барады. Мектепке барғанда бетонның үстінде аяқкиімін шештіріп, екінші аяқкиімін кигізеді. Аяғы балшық баланы кондукторлар автобусқа да мінгізбейді. Сонда балалар қайтеді", - дейді тұрғын.
Тұрғындардың сөзінше, осыдан бір ай бұрын жолдар сүріле бастап, тоқтап қалған.
"Мысалы, менің сегіз балам бар. Бір резеңке етіктің құны - 2 500 теңге. Бәріне бірдей сатып алуға менің қалтам көтермейді. Балаларды өзім үшін тудым. Дегенмен де бұлай болмайды ғой. Неге жол төсеп бермейді?", - дейді ауыл тұрғыны Райхан Танбаева.
Атамекен ауылының әкімі Ерлан Қайнаровтың мәліметінше, елді мекендегі 13 көшеге алты шақырым асфальт төселуі керек. Сол үшін жергілікті бюджеттен 400 миллион теңге бөлінген.
"Жұмыстың уақытында орындалмауы ауа райына байланысты. Тасжол төселетін орынға жасалған сараптама бойынша топырақта ылғал көп анықталды. Ұлттық сараптама орталығынан қорытынды қалай беріледі, сол кезде жұмыстар өзінің бекітілген графигі бойынша жүргізіледі", - дейді ауыл әкімі.
Сая Мәжитқызы
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан