- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Өзіңізге уәде беріңіз:...
Өзіңізге уәде беріңіз: өміріңізді өзгертуге көмектесетін 7 нәрсе
Жаңа жыл – өзіңізге бірнеше маңызды нәрсені уәде етуге жақсы уақыт. Бұл қарапайым нәрселер болса да, өміріңізді жақсы жағына өзгертуге көмектеседі.
"Әр сәттен ләззат алуға уәде беремін"
Жұмыс пен үйдің арасында жүгіріп жүріп, демалу жайлы ұмытып кету оңай. Эмоционалды тұрғыда шаршап қалмас үшін арасында баяулап, сәттерден ләззат алуды үйрену маңызды. Бұл сіз ойлағандай қиын емес. Ол үшін зейініңізді қазір болып жатқан нәрсеге қоюыңыз керек. Сол кездегі сезімдеріңіз бен жағымды эмоцияларыңызға назар аударыңыз да, жағымсыз ойларды ысырып қойыңыз.
"Өзімді еркелетіп тұруға уәде беремін"
Жаңа жылда өзіңізге тым қатал болмауға және арасында өзіңізді еркелетіп тұруға уәде беріңіз. Мысалы, өзіңізге арнап дәмді тамақ пісіресіз немесе тапсырыс бересіз, көптен бері армандап жүрген затыңызды сатып аласыз, бірнеше күн ештеңе істемей жатасыз. Сүйікті хобби, достармен кездесу секілді жағымды нәрселерге кестеңізден уақыт табуға тырысыңыз, бұл өзіңізді бақыттырақ сезінуге көмектеседі.
"Өзімді қабылдап үйренуге уәде беремін"
Өзіңізді қалай бар, солай қабылдай алу өте маңызды. Бұл өміріңіздің көптеген салаларына әсер етеді. Сондықтан кемшіліктеріңізге ғана назар аудара беруді, өзіңізді лайықсыз ден санауды доғаруға уәде беріңіз. Өзіңізді қалай бар солай қабылдаңыз, бұл сізді тұлға ретінде ерекше етеді.
"Жиі "иә" деуге уәде беремін"
Басқалардың өтініштеріне емес, өмірдің мүмкіндіктеріне жиі "иә" деуге тырысыңыз. Жаңа нәрсе үйренуге немесе ұмытылмас әсер алуға мүмкіндік түссе, "иә" деуге қорықпаңыз.
"Өзімді басқалармен салыстыруды доғаруға уәде беремін"
Егер әлеуметтік желіні жиі пайдаланатын адамдар қатарында болсаңыз, өзіңізді және өміріңізді басқалармен салыстыру проблемасы сізге де таныс болар. Басқаның әдемі өмірінің артында не тұрғанын білмейсіз. Адамдар көпшілікке өмірінің тек жақсы жақтарын көрсетуге бейім. Өміріңізді басқалардікімен салыстыруға уақыт құртқанша энергияңызды жақсы бола түсуге жұмсаңыз.
"Басқаларды кінәраттауды доғаруға уәде беремін"
Сізге ұнамайтын нәрсені кінәраттау оңай, ал оны түсіну және қабылдау қиын. Біреулерді үнемі сынап, негатив таратқаннан өзіңізді жақсы сезінбейсіз және өмірден ләззат алмайсыз. Оның орнына адамдарды түсінуге тырысыңыз. Егер түсіне алмасаңыз, оларға жағымсыз нәрселер айтудан аулақ болыңыз.
"Мейірімді істер жасауға уәде беремін"
Жаңа жылда кездейсоқ мейірімді істерді жиі жасауға уәде беріңіз. Мысалы, жақындарыңызға және танымайтын адамдарға қошемет сөздер айту, мұқтаждарға көмектесу және т.б.
Оқи отырыңыз: Өзіңізге мына сөздерді ешқашан айтпаңыз
А. Жапатова