“Өзін таза деп есептейді“. Жанқош Тұраровтың адвокаты мәлімдеме жасады

“Өзін таза деп есептейді“. Жанқош Тұраровтың адвокаты мәлімдеме жасады
Фото: ©️ sportqory.kz

Кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраровтың адвокаты Самат Мамұтов баспасөз конференциясында даулы сұрақтарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жанқош Тұраровтың өзі баспасөз конференциясына қатыспады. Адвокатының айтуынша, қазір Жанқош 28 қыркүйекте өтетін жекпе-жекке дайындалып жатыр.

Адвокат журналистердің "Жанқош пен Әнару таныс па?" деген сұрағына жауап берді.

"Интернет желісі арқылы хабарласқандары бар, оны жоққа шығармайды. Бірақ та әрі қарай жария ете алмаймын. Уақыты келгенде бәрі анық болады. Таныс".

Адвокат Самат Мамұтов БАҚ пен әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпарат жалған екенін мәлімдеді.

"Беттестіру кезінде Жанқош 2 миллион теңге ақша ұсынды дегені - жала. Жанқоштың жағынан ондай ешқандай әрекет жасалмаған (Әнарудың отбасына хабарласып, арызды алып тастауды өтінбеген - еск.). Жанқош арыз бойынша (бұл жайтты - еск.) жалған деп есептейді. Өзін тазамын деп есептейді. Кешірім сұрап немесе арызын алып тастау туралы өтініш жасауға ешқандай негіз жоқ", - деді адвокат. 

Адвокат арызданушының әкесі - танымал композитор Қалдыбек Құрманәлі Жанқош Тұраровпен ешқандай байланысқа шықпағанын да айтты.

Еске салайық, бұған дейін Жанқош Тұраров қыз зорлады деген ақпарат тараған болатын. Алматы Полиция департамент өкілдері бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Түскен арызға байланысты Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Кейін Жанқош Тұраровтың өзі де "қыз зорлады" деген ақпаратқа алғаш рет жауап берді

"Үш қыз өсіріп отырған әкемін. Төсектес қыз керек болса, маған зорламай-ақ келетін жағдайым бар! Қайдан шыққан жала екенін өзім де түсінбей отырмын.  Қазір мәселенің мән-жайын анықтап, кім, қандай жала тағып отырғанын анықтайтын боламын!", - деді Тұраров. 

Жанқош Жасұланұлы Тұраров 1990 жылы 20 қарашада Жамбыл облысында туған. Кәсіпқой боксшы. 2023 жылы наурызда IBO нұсқасы бойынша бірінші жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы атанды. Жұбайы Клара Исамен үш қыз тәрбиелеп отыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова