Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот қанағаттандырған талап-арызға сәйкес, өзін КСРО азаматы деп санайтындар салық төлемеуі мүмкін деген ақпарат тарап жатыр. Stopfake.kz мәліметінше, бұл - фейк ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Танымал қазақстандық Telegram-арналардың бірінде пайдаланушылар Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот өзін КСРО азаматы деп санайтын Павел Смирновтың талап-арызын қанағаттандырғаны туралы ақпаратты бөлісіп жатыр. Сот шешіміне сәйкес, оның өзі де, пікірлестері де бұдан былай салық төлемеуге құқылы. Бұл - өтірік.
"Бұл жаңалықтың дереккөзі - "Панорама" ақпарат агенттігі. Ол шынайы емес, сатиралық жаңалықтарды жариялайды, ал Желі оқырмандары оны жиі шын деп ойлап қалады", - делінген хабарламада.
Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот сайтында мұндай талап-арыз туралы ақпарат жоқ. Сондай-ақ, БАҚ-та адамдар қандай да бір бағытты ұстанатындықтан салықтан босатылатыны туралы мүлдем хабарланбаған.
Айта кетейік, "КСРО куәгерлері" қозғалысы - бұл Ресейде құрылған деструктивті қозғалыс, кейінгі жылдары қазақстандықтар арасында белсенді насихатталып жатыр.
"Оған кірген адамдар КСРО әлі де бар, ал туған кезде оның барлық азаматының арнайы шоты ашылып, оған қомақты қаржы жиналады деп ойлайды. Әрине, бұған ешқандай дәлел жоқ және бұл мүмкін емес, өйткені КСРО-ның ыдырауы тарихи факт, ал құпия банк шоттардың болуы ойдан шығарылған", - делінген хабарламада.