Алматы облысы, Қонаев қаласының тұрғыны Гүлбақыт Абылханова 16 жастағы қызына іздеу салды. Осыдан бір ай бұрын қызы үйден шығып қайта оралмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында айтылды.
Шарқ ұрған ананың айтуынша, қызының бұл әрекеті таңсық емес, әр кеткен сайын полициямен ізіне түсіп қайтарып отырған.
"Хабарлассам алмайды, ал Whatsapp-ты оқып отырады. "Қайда жүрсің? Неге телефонды көтермейсің?" бар айтқаным осы. "Мен сіздерден кетемін" деді. Өзіме қол салмақ болдым. Мен саған не істедім? Тізерлеп кешірім сұрадым, ол кеткеннен кейін бүкіл суретінің быт-шытын шығардым", - дейді ана.
Гүлбақыт Абылханованың қызының үйінен кеткеніне 20 күн болған. Гүлбақыт Абылханованың бір ұл, бір қызы бар. Ұлы әжесімен бірге тұрады. Ал екінші күйеуі - Аружанның әкесі бірнеше жыл бұрын істі болған. Қазір Гүлбақыт Абылханова күйеуімен бірге тұрмайды.
"Қанша ашулансам да, жақсы көремін, менен басқа ол ешкімге керек емес", - дейді ана.
Гүлбақыт Абылханованың айтуынша, қызы тіпті полиция қызметкерінің үйінде болып, оның отбасына көмектескен. Ал полиция қызметкері бұрын ажырасқан.
Ананың айтуынша, 2 жыл бұрын қызы колледжде оқитын жігітпен танысқан, тіпті жыныстық қатынасқа түскен. Ана полицияға арыз жазғанымен, ешкім жауапқа тартылмаған.
Бұған дейін қызы жоғалғанда екі рет "Шаңырақ" шағынауданында тапқан. Бұл жолы Аружан Қонаевта табылды. Ол анасымен мүлде тұрғысы келмейтінін айтты.
"Мама мені түсінбейді, кейде қол көтереді. Ол "сені неге тудым?" деп көп айтады", - дейді Аружан.
Ал анасының айтуынша, мүлде қол көтермеген. Ол қызын қатты сағынғанын айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!