- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Өзімді өртемек болғаннан...
"Өзімді өртемек болғаннан соң ғана қабылдады". Шымкент тұрғындары алаяққа тап болып, 800 миллион теңгесінен қағылды
Шымкент тұрғыны Ерлан (есімі кейіпкер қалауы бойынша өзгертілді - еск.) редакциямызға жүгініп, сатып алған компаниясының бұрынғы иесі сан соқтырып кеткенін айтты. Оның айтуынша, ол компанияны бұдан үш жыл бұрын сатып алған. Алайда денсаулығына байланысты екеуара шартты заңды түрде тіркеп үлгермеген. Мұны пайдаланған компанияның бұрынғы иесі оның сыртынан мекемені басқа біреуге сатып жіберген. Кейін Ерлан сотқа жүгінген. Алайда сот оның талабын қанағаттандырмаған. Алаяқ сол екі ортада тағы бір адамды сан соқтырып үлгерген. Тіпті алданғанын дәлелдей алмай сот шешімімен келіспей, өзін өртемек болған. Massaget.kz тілшісі бұл оқиғаның анық-қанығына көз жеткізді.
Бұл іске қатысты бүлік бұдан 3 жыл бұрын басталған, алайда шешімі әлі табылмады.
Жәбірленуші Ерлан даудың басы неден басталғанын айтты.
"Qazaq ruhy ЖШС О. есімді ер адамға тиесілі болды. Кейін ол өз үлесін, сондай-ақ, басқа да объектілерін 2020 жылғы шілдеде Н. есімді адамға сатқан. Н. сатып алу шартын ауырып қалуына және О.-ға сенуіне байланысты дер кезінде тіркемеген. Осыны пайдаланған О. 17 күннен кейін компания меншігіндегі объектіні туған ағасының атына рәсімдеген. Араға 8 ай салып, ол Н.-ның сыртынан 100 пайыз үлесін А. есімді басқа адамға сатып жіберген", - дейді ол.
Жәбірленуші екі мәмілені заңсыз деп тану үшін сотқа талап-арыз берген. Ол негізі ретінде азаматтық заңнамаға әйкес, шарт жасасқан күннен бастап күшіне енетінін, объектіге меншік құқығы сатылған күннен бастап тоқтайтынын, екеуара шарттың бұзылмағанын алға тартты.
Сот екі мәмлені заңсыз деп танудан бас тартқан. Оның себебі - Н.-ның шартты тіркемеуі. Алайда жәбірленушінің айтуынша, заңда сатып алу шарты тіркелмеген объект бұрынғы иесіне қайтарылады делінбеген.
Ерланның айтуынша, Qazaq ruhy ЖШС-ның бұрынғы иесінің былығы мұнымен бітпеген. Бұдан басқа ол тағы 2 адамды алдаған, біреуіне генератор әкелем деп, оның 87 миллион теңгесін алып алса, екіншісіне жер әперемін деп 25 миллион теңге алған. Ал тағы бір адамды миллион теңге шығынға батырған. Осылайша О. 4 адамды алдаған.
"Жоғарғы сот 25 қыркүйекте ЖШС-ны екі адамға алдап сатқан алаяқтың сөзін сөйлеп, біздің кассациялық шағымымызды қараудан бас тарту туралы қаулы қабылдап үлгерді. Сот билігі алаяқтарды қорғап отырса, қарапайым халықтың күні не болмақ..." - дейді жәбірленуші.
Нәтижесінде жәбірленушілердің бірінің әкесі прокуратурада өзін өртемек болса, әпкесі ауруханаға түскен.
Бұдан бір ай бұрын Шымкенттегі прокуратурада ер адамның өзін өртемек болғаны туралы ақпарат тараған еді. Бұл - жәбірленушілердің бірі Марат (есімі кейіпкер қалауы бойынша өзгертілді - еск.). Ер адамның айтуынша, ол әділдікке қол жеткізе алмағандықтан мұндай қадамға барған. Марат Шымкент экономикалық сотының судьясы Луара Қалдиеваның шешіміне бұлайша наразылық танытпақ болған.
Марат Massaget.kz тілшісіне не үшін өзін өртемек болғаны туралы, ғимаратқа бензинді қалай алып кіргені туралы айтып берді. Ер адамның айтуынша, алаяқ О. 22 жастағы ұлын алдап, 285 миллион теңгеге қарызға батырған.
"2 жыл болды ұлымның тірлігі алға баспай қойды, алаяқтарға тап болды. Салдарынан әйелім қатты ауырып қалды. Прокуратураға қанша рет жазылдық, тіптен қабылдамайды. Кіре алмадық, жолығып, бетпе-бет сөйлесе алмадық. Жаным қиналғаннан осындай әрекетке бардым. Прокуратура ғимаратына кірерде тексеріс болған жоқ, бензинді алып кірдім. Бас прокурордың орынбасары бізді қабылдамай отырған, өрттен кейін өзі де атып шықты. Яғни прокуратура өзімді өртемек болғаннан соң ғана қабылдады. Әйелім Астанаға арыз жазды, прокуратура өкілдері екі аптадан соң қабылдау күнін белгіледі. Бірақ әйелім сол күні қатты ауырып қалды, жүрегі қысылды. Ауруханадан кеше ғана шықты. Қабылдауды кейінге жылжыттық", - дейді ол.
Жәбірленушінің әкесі ұлының небәрі 22 жаста екенін айтады.
"Ұлым 22-де. Ұлымды алдаған адаммен сөйлестік, ол ақшаның бәрін анасына аударып жіберген, бірақ мұны мойындамай отыр. Жалпы шығын - 285 миллион теңге. Үйді сатып, ұлыма көмектесіп жатырмыз. Қазір жалдамалы пәтерде тұрамыз. Ұлым үйге де келмейді, оны іздеп жүрген адам көп. Үй бетін көрмей кетті", - деді Марат.
Кейін Шымкент прокуратурасы өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"28 тамызда сағат 11:47-де Шымкент қаласы прокуратурасының фронт офисіне 15-ке жуық азамат Еңбекші ауданының полиция басқармасымен тергелген қылмыстық іс бойынша қабылданған шешіммен келіспейтінін айтып, келген шағымы бойынша қала прокурорының жеке қабылдауын талап еткен. Шымкент қаласы прокуратурасының кезекші прокуроры түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында келгендердің ішінен бір ер адам "бензин" жанар-жағармайын үстіне құйып, өз-өзін өртеуге оқталған", - делінген жауапта.
Прокуратура қызметкерлері тез арада ер адамның әрекетін тоқтатқан. Сонымен қатар, қала прокуратурасына келгендердің арасындағы бір әйел өзін нашар сезініп, жедел жәрдем бригадасымен медициналық көмек көрсетілді.
Massaget.kz редакциясы Шымкент қаласының мамандырылған ауданаралық экономикалық сот өкілдерінен бұл іске қатысты пікір білдіруін сұрады. Сот жәбірленуші мен кәсіпкер арасында келісімшарт тиісті түрде тіркелмегенін алға тартты.
Жәбірленушілердің айтуынша, жалпы шығын - 800 миллион теңге. Олар өздерін алдаған ер адамды, сондай-ақ, шешім шығарған сотты жазалауын сұрайды. Жәбірленушілердің өкілі Жоғарғы cот төрағасының қабылдауына жазылмақ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек