"Жұлдыз" радиосындағы Zhuldyz LIVE жобасының кезекті шығарылымында Кеңес Әлімжан қонақта болды.
Әншінің әкесі жақында Алматыға сапарында қазақы тоңазытқыш ойлап тауыпты. Ол әкесінен көп қасиет дарығанын жеткізіп, бағдарлама барысында әндерді гитараның сүйемелдеуімен де орындады.
"Тоңазытқыш ауылда. Пайдаға асып жатыр. Өнер жағынан әкеме тартқанмын. 25 жасына дейін әкем ауыл клубында кішігірім ансамбльде гитарада ойнаған. Домбыраны да шебер тартады. Өзім гитарада бір кісідей ойнаймын", - деді ол.
Сондай-ақ, әнші жеке өміріне қатысты сұраққа жауап беріп, алғашында әзілдеп, "жүрегі бос адам болмайды ғой" деді. Алайда кейін жеке өміріне қатысты көп айтқысы келмейтінін жеткізді.
"Жүрек бос", - деді Кеңес Әлімжан.
Әнші 2017 жылдан бастап ән жаза бастаған. Оның сөзінше, 2020 жылы қарашадан бастап көпшілікке танылып, әндері таралған, сонымен қатар, алғашында өзін басқа қырынан сынап көрген.
"Ән өңдеушілер де "тез әннің өзін артқа тартып айтасың" дейді. Мен өзімді әрең тапқан адаммын. Басында билейтін әндер шығарып жүрдім. Кейін тәжірибе арқылы даусыма лирика келетінін білдім. Сынды дұрыс қабылдаймын", - дейді Кеңес Әлімжан.
Ол кейде өзін түсінбейтін адамдар болатынын айтты. Әншінің сөзінше, кейбір кезде шығармашылық адамдары күйзеліске ұшырауы мүмкін.
"Әнші әнмен айналысуы керек. Студияда 3-4-ке дейін боламыз. Кейде тойдан қайтамыз. Кейбір дастарқандарға барамыз. Телефонды көтере алмайтын кездер болып қалады. Сондай кезде шығармашылық адамын, түсінбейтін адамдар болады. Көңіл күйің болмайды, жаздырып жатқан әнің сәтсіз болады", - дейді ол.
Айта кетейік, өткен шығарылымда Zhuldyz LIVE жобасында Дана Кентай қонақта болған еді.
Еске салайық, сүйікті әншілеріңіз жанды дауыста айтып, сұрақтарға жауап беретін жоба әр сәрсенбіде сағат 18.00-ден 19.00-ге дейін өтеді.
17 тамыздағы радиоконцертті TengriTV Youtube-арнасы мен zhuldyz.fm Instagram-парақшасынан көре аласыздар.