Үкімет Президент тапсырмасына сәйкес Салық кодексі бойынша жұртшылық пен бизнес тарапынан түсетін ұсыныстарды жинақтап, мұқият талдау жүргізеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын, соның ішінде жаңа Салық кодексін жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асырудың түйінді шарттарын айтты.
Үкіметтің баспасөз қызметі
"Жаңа Салық кодексі өзгермейтін қағидалардың жиынтығы ретінде қабылданбауы керек, бұл туралы Президент ерекше атап өтті. Осыған байланысты сізге, Серік Мақашұлы, жұртшылық пен бизнес тарапынан түскен ұсыныстарды жинақтап, мұқият талдауды тапсырамын. "Атамекен" ұлттық палатасының өкілдерін, экономистер мен сарапшыларды тартып, жүйелі әрі үйлесімді жұмыс істеу керек. Бүгін Үкіметте осындай алғашқы кездесу өткізесіз. Өңірлерді де осы жұмысқа белсенді тарту қажет. Қоғамның көтеріп отырған мәселелерін жедел қарау керек. Нәтижесі бойынша нақты ұсыныстар енгізіңіз", - деді Олжас Бектенов.
Еске салайық, бұған дейін де Мемлекет басшысы Үкіметке кәсіпкерлердің жаңа Салық кодексінің кейбір нормаларын іске асыру мәселесіне қатысты өтінішін мұқият саралауды тапсырды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова