Депутат Елнұр Бейсенбаев Мәжіліс отырысында заңсыз лотерея өткізіп, табыс тапқан блогерлерді атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қанша адамға айыппұл салынды?
Депутаттың сөзінше, бүгінде ақшаға келгенде арды аттап кететіндер, байлыққа бұқараны алдап жететіндер аз емес.
"Ойыннан ойын шығарып, оны желіге жүктеп, халықты тақырға отырғызуды табыстың көзі қылғандарды ауыздықтау үшін "Ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері туралы" заң жобасы жазылғанын білесіздер. Соның нәтижесінде 2024 жылы заңсыз лотерея ұйымдастырған 101 адамға 41 млн теңге айыппұл салынды. Оңай ақшаға құныққандардың көзін ақшаның шелі басқаны сонша - өзгелер от басқанын көрсе де, заңсыз лотерея ұйымдастыруды қояр емес. 2025 жылдың басынан бастап бүгінге дейін тағы 79 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 33,1 млн теңге айыппұл салынды", - деді ол.
Блогерлердің схемасы
Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, әлеуметтік желінің мүмкіндігін белсенді пайдаланатын инфлюенсер алаяқтар уақытша компаниялар құрып, пайдасыз видеокурстар дайындап, соны сату деген сылтаумен заңсыз лотерея ұйымдастырып жатыр.
"Қарапайым азаматтарды бұл заңсыз іс-әрекеттерге көптеп тарту үшін сыйлық ретінде пәтер, көлік, электроника мен смартфондар, тіпті зәулім коттедждер тігіп жатыр", - деді депутат.
Бұл тізімде кімдер бар?
Осы тұста ол бірнеше блогердің есімін атады.
"Оқырман саны 3 миллион болатын Дархан Жолшыбеков "darhanzholshybekov" парақшасы арқылы 300 миллион теңге тұратын зәулім үйіне заңсыз ұтыс ұйымдастырып, шамамен 1,5 млрд теңге жинаған. Ал оқырман саны 6,9 миллион болатын Әлия Байтуғаева "supermamasitа" парақшасы арқылы бірнеше рет бағалы сыйлықтар ойнатып, деректер бойынша 500 миллион теңге қаражат жинаған. Жалпы оқырманы 13 миллион болатын "Justking31" және "AminaXO" Instagram парақшаларының иелері Нұртаза Нұрбек пен Амина зәулім үйлерін заңсыз лотерея ұйымдастыру арқылы сатып, 1,5 млрд теңге сомасында қаржы жинаған", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін блогерлер Эльмира Төлегенова мен Ерболат Жанәбіловке қатысты іс Экономикалық тергеу департаментіне берілді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова