Әлемге әйгілі жазушы Стивен Кинг АҚШ-та әуе қатынасының жаппай тоқтауына қатысты пікір білдірді. Қорқынышты шығармаларымен танылған қаламгер бұған өзге ғаламшарлықтар кінәлі екенін айтып, жұртты таңғалдырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Кинг өзінің X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды:
"Өзге планеталықтар жерге қонды. Ұшақтардың тоқтауына себеп болған НАҚТЫ жағдай - осы. Билік жұртты дүрліктіргісі келмейді. Олар көрмейді, есесіне құлақтары керемет естиді", – деп жазды қаламгер
Бір тәулік ішінде бұл жазба 19 миллион қаралым жинады.
«Өзге планеталықтар жерге қонды. Ұшудың тоқтатылуының НАҚТЫ себебі осында. Олар әлемдік дүрбелең тудырғысы келмейді. Олар соқыр, бірақ өте жақсы естиді».
— Stephen King (@StephenKing) 13 қараша, 2026 жыл
АҚШ-та мыңдаған рейс тоқтатылды
АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасы ел аумағындағы барлық коммерциялық ұшақтың көкке көтерілуіне уақытша тыйым салды. Соның салдарынан мыңдаған рейс тоқтатылып, ұшақтардың ұшу уақыты кейінге шегерілді. MPR News басылымының хабарлауынша, әуе қатынасының бұлайша тоқтауына ұшақтардың қозғалысын басқаратын орталықтардағы байланыс жүйесінің ірі ақауы себеп болған.
Ұшақтардың көкке көтерілуіне қойылған шектеу төрт сағаттан аса уақытқа созылды. Сол кезде әуеде жүрген ұшақтарға сапарын аяқтап, әуежайларға қауіпсіз қонуға рұқсат берілгенімен, бірде-бір ұшақтың жаңадан ұшуына мүмкіндік болмады.
Ұшақтардың қозғалысын қадағалайтын FlightAware сервисінің мәліметінше, бір тәулік ішінде АҚШ-та 9,1 мыңнан астам рейс тоқтатылып, тағы 7,1 мыңнан астам рейс кешіккен.
АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрі Маркуэйн Маллин бұл жағдайға кибершабуыл немесе қасақана жасалған әрекет себеп болды деген болжамды ресми түрде жоққа шығарды.
"Бұл жағдайдың қасақана жасалған шабуылдан болғанына ешқандай дәлел жоқ. Бұл – байланыс жүйесіндегі қарапайым техникалық ақау", – деді министр.
Алдын ала мәлімет бойынша, ақау жаңа құрылғылар мен әуе қозғалысын басқару орталықтарындағы ескі жүйелердің өзара үйлеспеуінен туындаған. Жүйе жаңартылып, жаңа кабельдер орнатылғаннан кейін 2000 жылдардың басынан бері қолданылып келе жатқан ескі маршрутизаторларға шамадан тыс күш түскен. Соның салдарынан құрылғылар деректерді дұрыс жеткізе алмай қалған.
Жолаушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірмеу үшін билік ақауы бар құрылғыларды жүйеден ажыратып, қайта іске қосқанға дейін ұшақтардың көкке көтерілуін уақытша тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Қазір АҚШ-тың әуе кеңістігі толық ашылды. Дегенмен әуе компаниялары ұшу кестесін қалпына келтіріп, елдің ірі әуежайларында сапарға шыға алмай қалған жолаушыларды діттеген жеріне жеткізу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz