• 499.71
  • 490.7
  • 5.61

“Өзеннен тасып ішеміз“. Шығыстағы бүтін бір ауыл ауыз сусыз отыр

“Өзеннен тасып ішеміз“. Шығыстағы бүтін бір ауыл ауыз сусыз отыр
Фото: Ернар Алмабек

Танымал фотограф Ернар Алмабек Алтай өңіріне барған кезекті сапарынан Шығыстағы шешілмей отырған бірқатар өзекті мәселелердің шетін ашты. Оның желіде жариялаған кейіпкермен тілдескен кезекті видеосы қызу талқыға түсті. Massaget.kz тілшісі мәселені майшаммен қарады.

Гүлнәр Таукенова - Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы Топқайың ауылының тұрғыны. 40 жыл ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған жан. Бүгінде бейнетінің зейнетін көрер шағында, қақаған қыста иін ағашын асынып, суды өзеннен тасып ішуге мәжбүр. 

сурет: Ернар Алмабек

Кейіпкерді ауылдан саяхатшы-блогер Ернар Алмабек кездестіріп, желіде қысқа сұхбатын жариялады. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Yernar Almabek (@yernar.almabek)

"Айта-айта Алтайды..."

Massaget.kz тілшісі Гүлнәр Таукеноваға хабарласып, аймақтағы ахуал жайлы сұрап білді. Ол бұл мәселенің бес жылдан бері қозғалып келе жатқанын, нәтиженің болмай жатқанын айтты. 

"Көргендеріңіздей, суды өзеннен тасып ішуге мәжбүрміз. Қыста да, жазда да көргеніміз - осы. Осы ауыл ауыл болғалы су тартылған емес. Ауылда су алатын колонка бір-екі жерде ғана бар. Ол бізден алыстау жерде болғасын, өзенге жақын тұратындарымыз келіп, мал тұмсығын сұқпай тұрып ертерек алып алуға тырысамыз. Бәрінен бұрын ауылдың келіншектеріне жаным ашиды. Өзім әйел болған соң үйдің тіршілігі суға байлаулы екенін білемін. Суды өзеннен тасып, ысытып, кіріңді, ыдысыңды жуып бітемін дегенше қас қараяды", - дейді ол. 

Топқайың ауылының тағы бір белсендісі Найманғазы Ибраевтың сөзінше, бұл мәселе бірнеше рет қозғалып, аудан әкімдігіне де, облысқа да жеткен. "Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды" дегендей, айтып-айтып болдық дейді ол.

"Құрғақ уәде, бос сөз ғой. Соңғы бес жылда әкімдіктің табалдырығын тоздырып біттік. Бәрі білмейді емес, біліп отыр. 2020 жылы су құбырын жүргіземіз деп бір бастап, аяқсыз қалды. Былтыр тағы ауылды қопарып, қазып тастады. Әлі нәтиже жоқ. Тілшілерге де, басқасына да айтып біттік. Халық ешқандай нәтиженің жоқтығына ашынады", - деп күрсінді ауыл ағасы. 

"Байланыс та жоқ, интернет те ұстамайды"

Судан бөлек, ауылда интернет мәселесі де мәз емес. Гүлнәр апай бірнеше жылдан бері ауыл жастары интернеттің жоқтығына шамданып келе жатқанын айтты. Мектеп оқушылары сабаққа керек ақпаратын байланыстың дұрыс болмауынан әйтеуір амалдап оқып келеді дейді. 

"Өзім мұғалім болған соң балалардың болашағына алаңдаймын. Ауылымыз шөгіп бара жатқандай. Байланыс та дұрыс емес, интернет те ұстамайды. Бәрінен бұрын мектеп оқушыларына обал. Керегін интернеттің жоқтығынан кейде оқи да алмайды", - дейді ол.

Гүлнәр Әнуарбекқызы бұл мәселелер еліміздегі ауылдардың көбінде болғанымен, шешімін таппаған жағдайда салдары қиындай беретінін айтты. 

"Мен мынаны айтқым келеді. Қарабайыр қазақ ауылының үйреншікті мәселесі ретінде көрінгенімен, тереңіне үңілу керек. Ел келешегін кемелдендіретін жастардың дені ауылда. Ал сол ауыл балаларына тәлім-тәрбие беріп, оқу оқытатын ол - мұғалім. Ал не суы, не интернеті жоқ ауылда мұғалім су тасып кірін жуа ма, жоқ бала оқыта ма? Мектептегі жұмысынан қолы қалт еткенде, балаларды дамытуға арналған тағы бірдеңелерді ойлап табу үшін де уақыт керек қой. Ал үйіңде жағдайың жасалмаса қайдағы уақыт? Міне, мәселенің мәйегі осында жатыр. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік, экономикалық мәселелері шешілмей, ештеңе өзгермейді. Мен осыны айтқым келеді", - деп ағынан жарылды Гүлнәр апай. 

Жауаптылар не дейді?

Massaget.kz редакциясы облыс әкімдігіне жағдайды баяндап, мән-жайды білу үшін сауал жолдады. Жауап келгенге дейін желіде Қатонқарағай ауданының әкімдігі мынадай пікір қалдырған екен. Олар аймақтағы ауыз су мәселесі жаздың алғашқы айында шешіледі деп сендірді. 

"Топқайыңда су құбырын жүргізуге 622 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі таңда 2025 жылға 77 миллион тұр. Былтырғы мердігер QazConstructions компаниясымен үш жақты меморандум жасалып, жұмыс жалғасып жатыр. 2024 жылдың аяғына дейін ауыл ішіндегі абоненттердің үйінің қоршауларына дейін су құбырларын тарту жұмыстарын бітірді. 2025 жылдың 30 маусымына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр", - дейді әкімдік өкілдері. 

Massaget.kz редакциясы мәселені бақылауда ұстайды.

 

Айта кетейік, Топқайың - Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданындағы ауыл. Белқарағай ауылдық округі құрамына кіреді. 1999 жылы ауыл халқының саны 911 адамды (471 ер адам және 440 әйел) құрады. 2009 жылғы халық санағы бойынша ауылда 756 адам (389 ер адам және 367 әйел) тұрады. 

Еске салайық, бұған дейін фотограф Ернар Алмабектің Алтай өңіріне сапарынан ерекше кадрлар жариялап, көпті тәнті еткенін жазған едік. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Д. Литпин