- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Өзеннен өтпек болған...
"Өзеннен өтпек болған кезде суға кеткен". Абай облысында үш адам табылмай жатыр
Абай облысында үш адам төрт күннен бері табылмай жатыр. Олардың барлығы - қазір су тасқыны болып жатқан Аягөз ауданының тұрғындары. Қазір төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері оларды екі бағытта іздеп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД мәліметінше, 23 наурыздан бастап 1977 жылы туған ер адамды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, ол Аягөз өзенінен өтпек болған кезде аттан құлап, суға кеткен деп болжанып отыр. Ер адам атпен өзі жұмыс істейтін "Шығыс" шаруа қожалығына бармақ болғаны анықталды.
Сонымен қатар, 26 наурыздан бастап 1957 және 1985 жылы туған екі азамат іздестіріліп жатыр.
"Қуанышбек сол күні "МТЗ 82" маркалы трактормен шаруашылықтан Қарағаш ауылына қарай, осы суға қарамай қайтқан еді. Оқиға орнына келген құтқарушылар "таппадық" деп отыр. Бұл қалай сонда? Неге іздеуді тоқтатқан? Бір емес, үш бірдей адамды қаншама адам жүріп таба алмай жүр. "Таба алмай жатырмыз" дегеніне сенбеймін", - дейді жоғалған ер адамның жұбайы Зейнелхан Бексатова.
Бұл жағдайға қатысты Төтенше жағдай департаменті өкілдері пікір білдіріп, іздеу жұмыстары неге тоқтағанын түсіндірді.
"Жоғалған адамдарды іздеп жатырмыз. 27 наурызда сағат 04:00-ден бастап іздестіру-құтқару жұмыстары қайта жандандырылды, жұмыстар 26 наурызда қараңғы түсуіне байланысты тоқтатылған болатын. Іздеуді жалғастырамыз", - деді Аягөз ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Дархан Нұғаметов.
Іздеу жұмыстарына Абай облысының ТЖД, Полиция департаменті, ЖАО, ӘБ күштері мен құралдарынан барлығы 41 адам, 4 жүзу құралы, 5 техника, 3 пилотсыз ұшу аппараттары, сондай-ақ, жергілікті тұрғындар есебінен азаматтар жұмылдырылған.
Еске салайық, бұған дейін Абай облысында еріген қар суынан көпір опырылып кеткені хабарланды.
Жадыра Мұратбекова
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz