"Өзенмұнайгаз" мен "БерӘлі" ЖШС-дағы ұрлық фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр

Маңғыстау облысында "Өзенмұнайгаз" АҚ мен "БерӘлі Маңғыстау Company" ЖШС-да ұрлық фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

"Өзенмұнайгаз" АҚ және "БерӘлі Маңғыстау Company" ЖШС лауазымды тұлғалары аса ірі көлемде қаражат жымқырды деп күдікке ілінді.

"Жаңаөзен қаласы тұрғындарының "ҚазМұнайГаз" АҚ (Өзенмұнайгаз) жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық және жымқыру фактілері бойынша көптеген өтінішінің негізінде Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті сотқа дейінгі бірнеше тергеу жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, кәсіпорынның бухгалтерлік және өзге де ресми құжаттамасында бұрмаланған мәліметтерді көрсете отырып, жаңа сорғы-компрессорлық құбырларды жалған орнату арқылы ұрлау фактісі бойынша "Өзенмұнайгаз" АҚ лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр", - делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша тергеп-тексеру департаменті таратқан хабарламада. 

Бұдан басқа, "Өзенмұнайгаз" АҚ лауазымды тұлғалары мен "БерӘлі Маңғыстау Company" ЖШС басшылығына қатысты 2022 жылы мұнай өндіру ұңғымаларын жөндеу бойынша жұмыстарды орындауға арналған аса ірі көлемдегі қаражатты жымқырды деген күдік бойынша тергеу жүргізіп жатқаны хабарланды.
 
"БерӘлі Маңғыстау Company" ЖШС басшысы өзінің жақын туыстарымен арнайы техниканы жалға алу туралы шарттар жасағаны анықталды. Іс жүзінде 248 млн теңге көлемінде алынған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып жымқырылған.

"Аталған іс-қимылдармен"БерӘлі Маңғыстау Company" ЖШС басшылығы мемлекетке ғана емес, компания қызметкерлеріне де зиян келтіргенін атап өтеміз. Қолма-қол ақша компанияны дамытуға, жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсартуға, соның ішінде жалақыны көтеруге бағытталуына жұмсалуына болатын еді. Бұл жағдайлар компанияның қарапайым қызметкерлері арасында наразылық тудырды. Тергеу барысында аталған фактілер тексеріліп жатыр. ҚПК 201 бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді", - делінген хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!