Алматыдағы Наурызбай ауданының тұрғындары суға жарымай отыр. Он жыл бұрын облыстан қала құрамына кірген шағын ауданда әлі күнге дейін ауыз су мәселесі шешілмей келеді. Тұрғындар тіршілік нәрін Қарғалы өзенінен ішуге мәжбүр. Былтыр әкімдік су болады деп сендірген. Бірақ уәде орындалмаған. Massaget.kz тілшісі тұрғындармен тілдесіп келді.
Қала тұрғыны Қалжан Махмұтқызының бұл ауданда тұрып жатқанна 25 жыл. Көшіп келген кезде ауыз су тартылады деп үміттенген. Алайда үміті әлі күнге дейін ақталмады. Суды үйдің қасында ағып жатқан Қарғалы өзенінен тартып, тазартып, күнделікті тұрмыс қажетіне пайдаланады. Электр жарығы жиі сөнетіндіктен су да ақпай қалады.
"Көп адамның тоңазытқыштары сынып қалды. Ал суға келетін болсақ... Нешінші ғасырда өмір сүріп жатырмыз? Су деген масқара. Өзенде не болса сол жатады. Амал жоқ сонда да ішіп отырмыз. Даладағы өзенің суын ішіп жатыр дегенге жұрттар таң қалады ғой. Бірақ, біздің жағдайымыз осындай" - дейді Қалжан.
Шағын аудан бұрынғы төрт бірдей бау-бақша серіктестігін біріктіру арқылы пайда болған. Қала құрамына кіргеннен кейін 2022 жылы ауыз су жүйесі жүргізіледі. Құбыр әр үйге келіп тұр. Бірақ, ішінде су жоқ. "Жалпы 120-ға жуық үй сусыз отыр" дейді зейнеткер Сәбит Иманғалиев.
"Қарғалының лай мен қоқыс араласқан суын тазартып ішеміз. Жаңбыр жауған күндері міндетті түрде құбыр бітеліп, су ақпай қалады. Сөйтіп жұрт ел кезіп кетеді. Қолдарына құмырасы мен құтыларын алып көршілерден сұрайды. Болмаса сатып аламыз"- дейді Сәбит ағамыз.
Ал, бұл мәселеге жауапты аудандық тұрғын үй комуналдық шаруашылық бөлімінің өкілі болса "су мәселесін шешу жұмысы жүріп жатыр" деді. Жобалық- сметалық құжаттама әзірленген. Бірақ, су тек Қарғалы су сүзгі станциясының құрлысы аяқталғаннан кейін ғана берілмек.
"Су сүзгі станциясы таудағы "Қарағайлы" шағын ауданында салынып жатыр. Сол біткеннен кейін су беріледі. Жаз айларында құбырдағы қысым азаяды. Бұл су бау-бақша суғаруға арналған. Ішуге келмейтінін бәрі түсінеді. Дегенмен жаңа станция біткен кезде сумен қамтамасыз етеміз. Ол осы жылдың қараша айына дейін жоспарланған" - деді Наурызбай аудандық әкімдігінің өкілі Көкен Қайратұлы
Егер Қарғалы су сүзгі бекетінің құрылыс жоспарлы мерзімінде аяқталса онда келесі жылы Наурызбай ауданында орналасқан мыңдаған үйге су келеді. Жалпы, Алматы мен Алматы облысының тау бөктерінде орналасқан елді-мекен мен шағын аудандарда ауыз су мәселесі өте өзекті тақырып. Кеңес заманынан қалған құбырлар мен кәріз жүйесі әбден тозған. Ал, жаңарту жұмысына қыруар қаржы мен уақыт керек.
Саламат Сабыр
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз