Елімізде пәтер жалға алушылар мен жалға берушілер көп. Әсіресе, қалада бұл тиімді бизнеске айналған. Бизнес жүрген жерде түрлі алаяқтық жасалуы мүмкін. Бірнеше жыл еңбек өтілі бар риэлтор Аслан Сәрсенбай пәтер жалға алғанда, алаяқтардан қалай сақтану керегін айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аслан Сәрсенбайдың айтуынша, кез келген адам қалада баспананы жалға алғанда бірнеше мәселеге назар аударуы керек.
Қандай риэлтордан бас тарту қажет?
"Жалға алушы риэлтордан үйдің құжатын сұрауы тиіс. Ол болмаса, бірден ұсыныстан бас тарту қажет. Бұл құжаттар болмаса, риэлторға алдын ала ақша төлеуге де болмайды. Бұл - алаяқтың іс-әрекеті. Мұндай жағдайда барлығы құжат, шарт арқылы іске асуы тиіс. Сондай-ақ, қазір риэлтор болып жүргендер ғаламторда тұрған хабарландырудағы нөмірді беру үшін ақы сұрайды. Мұндай риэлторлар да өз жұмыстарын адал атқарып жатқан жоқ. Олар адамдарға жалға беруге арналған пәтерлердің жеке қоры бар екенін айтады. Шын мәнінде, олар нөмірлерді ашық ақпарат қорынан алып жатыр. Ал нағыз риэлтор белгілі бір ақы үшін жалға алушы сұраған үйді тауып және оны көрсетуі тиіс", - дейді ол.
Маманның сөзінше, үйді көрсеткені үшін риэлторға ақы төленуі керек. Бірақ ол шарт арқылы жүзеге асуы тиіс. Оған қоса шартта нақты сома белгіленеді.
"Негізі жақсы қызмет ұсыну үшін риэлтор да жұмысына көп ақы сұрауы мүмкін. Ал олар жұмысына тым аз ақша талап етсе, сондай-ақ, ақшаны алдын ала онлайн түрде төлеуді сұраса, оның алаяқ екені айқын. Елімізде риэлтор өз қызметі үшін келісім сомасынан ең кемі 1 пайыз алады", - дейді ол.
Келісімшартты мұқият оқу керек
Аслан Сәрсенбайдың сөзінше, үйді жалға іздеп жүргендер риэлтордың қызметіне ақы төлеуден бұрын келісімшартқа отыруы керек. Содан кейін шартты дұрыстап оқып шығуы қажет.
"Шартқа қол қоймас бұрын мәтінге көңіл аудару керек. Кейбір риэлтор шартта "ақпараттық қызмет" деп көрсетеді және сол үшін ақша алады. Бірақ ауызша басқа да қызметтерді көрсетеміз деуі де мүмкін. Шын мәнінде, олар төлемді алдын ала сұрап, кейін тек сатылымда тұрған үй қожайынының нөмірін беріп, құтылуы мүмкін. Өйткені келісімшартта солай көрсетілген. Бұл үшін оларға арыздана алмайсыз, себебі шартта көрсетілген қызметті атқарып тұр. Сондықтан келісімшартқа мұқият қарап, көрсетілетін қызметтің тізімін қарап шығу керек. Риэлтор клиент айтқандай үйді іздестіріп, оны көрсетіп, кейін жалға беру туралы шартты көрсетуі керек. Мінекей, осыдан кейін ғана сол қызметкермен ары қарай келісімге келуге болады", - дейді маман.
Алдын ала төлем жасамаңыз
Маман тікелей үй қожайынына жүгінетін кезде де мұқият болу керегін айтты. Оның сөзінше, үйді жалға беретін адам сол меншіктің иесі болмай шығуы да мүмкін.
"Елімізде, әсіресе, қалалық жерде бұл проблема жиі кездеседі. Әсіресе, оқу басталмай тұрып, ауылдық жерден келетін жастар мен студенттер бірден хабарламалар арқылы меншік иесінен пәтерді жалға алғысы келеді. Бірақ үйді жалға беретін адам пәтер иесі болмауы мүмкін. Ол басқа адамдарға жалға беріп, жалған келісімшарт жасайтындары да кездеседі. Ақшаны алдын ала сұрап, кейін ол жасырынып қалуы мүмкін. Мұндай оқиғалар жайлы бізге жүгінетін адамдардан естиміз", - дейді ол.
Маманның айтуынша, жалға алған пәтердің иесіне алғашқыда алдын ала төлем жасамау керек. Өйткені үй қожайыны мен жалға алушының арасында келісімшарт болмағаннан кейін меншік иесі түрлі себептермен олардың үйден шығуын талап етуі мүмкін. Ал алдыңғы айларға төленген ақшаны нақты дәлелсіз қайтару өте қиын.
Маман мұндай адамдар көбіне қалалық жерде болатыны және бірден үш айға төлем жасауды талап ететінін айтты. Оған қоса, сол үшін жеңілдік те жасайтындар табылады екен. Бірақ мұндай ұсыныстардан сақ болған жөн.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!