Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңға қол қойған болатын. Ақорда бұл заң нені білдіретінін, оның түпкі мақсаты мен міндетін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Заңның қабылдануына атсалысқан, бірнеше уақыт бойы талқылаған депутаттар заң жайлы не ойлайды? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Депутат Айдос Сарым заңның басты міндеті - активтерді қайтарып, тарихи әділеттікті орнату екенін айтады.
"Қазақстан тәуелсіздік жылдарында болған әділетсіздіктерді, жасалған қылмыстарды ашу, заңсыз активтерді қайтару мәселесі қойылып отыр. Заңның басты міндеті - активтерді қайтарып, тарихи әділеттікті орнату ғой. Егер ондай жағдай орнайтын болса билік пен қоғамның арасы жақындайды. Жалпы азаматтардың, қоғамның мемлекетке деген сенімі артады деп сенемін. Ал нақты тізімге келер болсақ, ол нақты активке байланысты ғой. Кез келген активтің артында нақты адам бар, аты-жөні, тегі бар. Сол анықталған кезде оның тарихы қаралады. Мысалы ол адам кезінде мемлекеттік қызметте істеді ме, жоқ па. Істесе қандай қызмет атқарды немесе ол кімге туыс? Қазіргі заңнама көбіне тек жақын туысты атайды. Ал активтерге қатысты заңда еншілес азаматтардың саны (тек туысы емес, қарамағында істеген адам, күзетшісі, жүргізушісі т.б) ұлғайтылды. Бұл үлкен жұмыстың басы ғана", - дейді депутат.
Айдос Сарымның айтуынша, бұл заң - екіжақты мәселе.
"Бір шеті заңға қол қойылды, енді Президенттің жарлығы шығуы керек. Артынан үкіметтің бірнеше шешімі шығады. Бас прокуратура жанынан арнайы мемлекеттік орган құрылады. 100-ден аса адам жұмыс істейді. Оның ішінде халықаралық сарапшылар, заңгерлер, нақты мамандар бар. Сосын үкіметтің жарлығымен арнайы құрылатын мемлекеттік комиссия болады. Ол айына 1-2 рет жиналып, тізімді алып отырады. Олар әрқайсысын қарастырып, тергеуді, келіссөзді бастайды.
Екінші жағынан азаматтармен келісімге де келуге болады. Мысалы шетелде жүрген олигарх "кезінде осындай ақшаны алып шығып едім, осыны өз еркіммен қайтарғым келеді. Қазақстанға аман-есен келіп тұрғым келеді" десе мұндай мүмкіндік беріледі. Яғни келісуге болады. Бірақ ақшаны қайтармаймын десе сот арқылы, басқа да құқықтық жұмыстар жүргізіледі. (...) Мемлекет бастаса, қоғам оны қостаса әлдеқайда тиімді, нәтижелі жұмыс болады деп ойлаймын", - дейді Айдос Сарым.
Депутат Снежанна Имашева қоғамда әділетсіздік орнағанын айтады.
"Заңның мақсаты - әлеуметтік әділетсіздікті жою. (...) Елде ауыз суға, асфальтталған жолға, медициналық бекетке, тіпті мектепке қолы жете алмай жүрген адамдар бар. Әрине, бай болуға тыйым жоқ. Кез келген елде байлар да, кедейлер де бар. Өзінің жағдайын ақыл-ойы, еңбекқорлығы, кәсіби шеберлігі мен бәсекелес бола білуінің арқасында материалдық жағдайын көбейтіп жатқандар бар. Бірақ байлықтың жинақталуы билікпен байланыстарға, әкімшілік ресурстарға, сенімді интригалар мен сыбайлас жемқорлыққа байланысты болған жағдайда, байлықтың пайда болуын түсіндіру үшін әділ сұрақтар мен талаптар туындауы керек. Заңның мақсаты қалай орындалатынын уақыт көрсетеді. Қажет заңнама негізі құрылды, қажет болған жағдайда ол толықтырылады.
Ең алдымен тексеріске 100 миллион доллардан аса қаражаты бар адамдар ілігеді. Ол азаматтар қоғам қайраткерлерінен, депутаттардан және Үкімет мүшелерінен тұратын арнайы комиссияның назарында болады", - дейді депутат.
Снежанна Имашева. Фото: parlam.kz
Тағы бір Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов заң жобасын құптайтынын жеткізді.
"Себебі, біріншіден, біз осы заң жобасын ұйымдастыру бойынша істедік. Мен екі заң жобасының жетекшісі болдым, олар заңсыз сатып алынған активтерді қайтару туралы заңға қатысты болды. Сол кезде де, қазір де біз өңірлерге барған кезде халықпен кездесеміз. Бүгін мен Талдықорғанда жүрмін, халық осы заңға қашан қол қойылатынын сұрады. Халық бұл заң жобасын қолдап, оң бағасын беріп жатыр. Президент қол қойды, ол 10 күннен кейін күшіне енеді.
Менің ойымша, оның мақсаты да айқын әрі дұрыс. Неліктен? Біріншіден, әділеттілік орнайды. Елге тиесілі нәрсе жеке топтарға немесе адамдарға емес, елге және халыққа жұмыс істеуі керек. Екіншіден, қайтарылатын қаражат біздің елімізде бар немесе болатын әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды іске асыруға бағытталады. Тиісінше, бұл біздің азаматтарымыздың әл-ауқаты үшін жұмыс істейтін болады. Үшіншіден, бұл заң қазір және одан әрі активтерді заңды түрде сатып алуға болатын себептер мен жағдайларды болдырмайды. Сонымен қатар, Бас прокуратура жанынан құрылатын уәкілетті орган жыл сайын заңсыз сатып алынған активтерге қарсы іс-қимыл жөнінде ақпарат беретін болады. Яғни артықшылығы көп. Мен заң жобасына қатысты кемшін тұсты әлі байқамадым және кемшілік болмайды деп үміттенемін", - дейді депутат.
Магеррам Магеррамов. Фото: parlam.kz
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бұл қоғамдық қатынастардағы өте маңызды заң екенін айтады.
"Себебі 30 жылдың ішінде ат төбеліндей топ Қазақстанның ұлттық байлығының көп нысандарын өздерінің қалтасына салып алған. Бұл, әрине, біздің еліміздегі әлеуметтік әділеттілік принциптеріне сәйкес келмеді. Сондықтан осы заң қабылданды. Бұл заң Президент Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жасалған және бастамашы - депутаттар", - дейді депутат.
Саиров бұл заң бойынша Қазақстандағы 162 ірі олигархтың меншігіне қатысты сұрақтар бар екенін атап өтті.
"Осы азаматтардың қандай да бір меншігіне заң тұрғысынан белгілі бір сұрақ туса, онда Бас прокуратура осы нысандардың заңдылығы бойынша нақты жұмыс атқаратын болады. Қоғам өкілдерінің де ақпараты жан-жақты қарастырылатын болады. Сондықтан бұл заңда активтерді қайтарудың механизмдері де қарастырылған. Қоғамдық комиссия жұмысының әдісі де қарастырылған. Менің ойымша, бұл заң біздің еліміздегі әлеуметтік әділеттілік пен рухани әділеттілікті қалыптастырудағы жаңа бір құрал деп есептеймін", - дейді депутат.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!