Мәжіліс кулуарында журналистер төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннен "Қазавиақұтқару" ұшқыштарының жаппай жұмыстан кетуіне қатысты пікірін сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министр қазір ұшқыштардың 23 өтініші негізінде қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ал талап пен наразылық жалақының аздығына да байланысты болған.
"Алайда бүгінде ұшқыштар құрамы, оның ішінде өтініш жазған ұшқыштар да жалақы алып отырды және ұшқаны үшін қомақты қаржы да төленді. Ұшқыштардың бір жыл ішіндегі табысы 20 миллион теңгеден асып түседі. Меніңше, азаматтық авиацияда, оның ішінде Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінде мұндай жалақыны кез келгені ала алмайды", - деп түсіндірді Юрий Ильин.
ТЖМ басшысы ұшқыштардың жұмыс жағдайына қатысты шағымдары туралы да пікір білдірді.
"Барлық уақытта құрамның тұратын және орналасқан жері бес жұлдызды қонақүй талаптарына сай болуға тиіс емес қой. Әр жағдайда әртүрлі болуы мүмкін. Көптеген ұшқыш өздерін Құдай әрі патша сезінеді. Ұшқыш ұшып келе жатқанда ғана Құдай және патша шығар. Өйткені ол әуе кемесінің бортында өзімен бірге қандай лауазымды азамат ұшып келе жатса да шешім қабылдауға құқылы. Борттың техникалық жағдайына, ауа райы құбылыстарына байланысты ұшу керек екенін, керек емес екенін өзі шешеді. Ал жұмыста Министрлік қызметкері және өзінің қызметтік міндетін атқаруы керек", - деді ТЖ министрі.
Ильин тексеріс қорытындысына сай нақты шешім қабылданатынын да айтты. Ал қазір ұшқыштардың ешқайсысы жұмыстан шығарылмаған.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!