Жоғары аудиторлық палата әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін тексеруді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тексеріс ӘКК құрылымдарында мәселелер мен кемшіліктер жинақталғанын көрсеткен.
"Мұндай жағдай олардың жұмысын тұтас үйлестіру мен регламенттеу, Ұлттық экономика министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті реттеу болмауына байланысты қалыптасып отыр. Мәселен, ӘКК мемлекеттік жоспарлау жүйесіне интеграцияланбаған. Олардың даму жоспарлары номиналды сипатқа ие және сырттай бағаланбайды, ал қызметі әкімдіктердің тиімділігін бағалауға әсер етпейді", - деп жазылған хабарламада.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Ұлттық экономика министрлігі уәкілетті мемлекеттік орган ретінде ӘКК жұмысында тәртіп орнатуға тиіс екенін мәлімдеді.
"ӘКК нақты немен айналысуы керек екенін анықтап, бірыңғай тәсіл әзірлеу қажет. Оларды даму институттары дей аламыз ба? Өңірлердегі әлеуметтік рөлі қандай? Инвестиция тартуда қандай рөл атқарады? Қандай құралдарды қолдануы керек? Қарыз беруде қандай қағидаларды ұстанады? Бірыңғай ұстаным қалыптастыру қажет. Өздері дұрыс деп тапқанның барлығын жасап жатыр. Көп жағдайда бұл тіпті Кәсіпкерлік кодексіне де қайшы келеді", - деді Әлихан Смайылов.
Аудиторлық қорытындыға сәйкес кейінгі 5 жылда ӘКК-ге барлығы 528 млрд теңгеден аса бюджет қаражаты берілген, оның ішінде 288 млрд теңгеден астамы кәсіпкерлік субъектілеріне кредит беруге арналған.
"Алайда өңірлердің дамуына әсер ететін инвестициялық жобаларды іске асырудың орнына ӘКК өздеріне түсетін қаражатты банктегі депозиттерге салады. Сонымен қатар, мемлекеттік қаржыландыру көлемі өскеніне қарамастан, шығынмен жұмыс істейді. 2020 жылмен салыстырғанда жинақталған шығын 2025 жылдың басында 7 есе өсіп, 209 млрд теңгеден асып түсті", - деп жазылған хабарламада.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз