Жоғары аудиторлық палата әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін тексеруді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кемшіліктер мен мәселелер
Тексеріс ӘКК құрылымдарында мәселелер мен кемшіліктер жинақталғанын көрсеткен.
"Мұндай жағдай олардың жұмысын тұтас үйлестіру мен регламенттеу, Ұлттық экономика министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті реттеу болмауына байланысты қалыптасып отыр. Мәселен, ӘКК мемлекеттік жоспарлау жүйесіне интеграцияланбаған. Олардың даму жоспарлары номиналды сипатқа ие және сырттай бағаланбайды, ал қызметі әкімдіктердің тиімділігін бағалауға әсер етпейді", - деп жазылған хабарламада.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Ұлттық экономика министрлігі уәкілетті мемлекеттік орган ретінде ӘКК жұмысында тәртіп орнатуға тиіс екенін мәлімдеді.
"ӘКК нақты немен айналысуы керек екенін анықтап, бірыңғай тәсіл әзірлеу қажет. Оларды даму институттары дей аламыз ба? Өңірлердегі әлеуметтік рөлі қандай? Инвестиция тартуда қандай рөл атқарады? Қандай құралдарды қолдануы керек? Қарыз беруде қандай қағидаларды ұстанады? Бірыңғай ұстаным қалыптастыру қажет. Өздері дұрыс деп тапқанның барлығын жасап жатыр. Көп жағдайда бұл тіпті Кәсіпкерлік кодексіне де қайшы келеді", - деді Әлихан Смайылов.
Жоғары аудиторлық палата
Бюджеттен бөлінген қаражат пен шығын
Аудиторлық қорытындыға сәйкес кейінгі 5 жылда ӘКК-ге барлығы 528 млрд теңгеден аса бюджет қаражаты берілген, оның ішінде 288 млрд теңгеден астамы кәсіпкерлік субъектілеріне кредит беруге арналған.
"Алайда өңірлердің дамуына әсер ететін инвестициялық жобаларды іске асырудың орнына ӘКК өздеріне түсетін қаражатты банктегі депозиттерге салады. Сонымен қатар, мемлекеттік қаржыландыру көлемі өскеніне қарамастан, шығынмен жұмыс істейді. 2020 жылмен салыстырғанда жинақталған шығын 2025 жылдың басында 7 есе өсіп, 209 млрд теңгеден асып түсті", - деп жазылған хабарламада.
Мысалы:
- "Ертіс" ӘКК инвестициялық жобалар деген атаумен 16,6 млрд теңгеге коммерциялық тұрғын үй құрылысын іске асырып жатыр, мұнда аудит барысында 3,3 млрд теңгеге заңбұзушылықтар анықталды.
- Aqjaiyq ӘКК-ге инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жер учаскелері берілген, нәтижесінде олар игерілмеген не басқа коммерциялық мақсаттарға қайта бағдарланған.
- "Ақтөбе" ӘКК кейінгі 3 жылда жалғыз жеке компанияның өндірісін кеңейту үшін несие берген. Ол мемлекеттен жалпы сомасы 11,2 млрд теңгеге қарыз және субсидия алған. Ал несиені мақұлдау бойынша жобаларды іріктеу жөніндегі комиссия құрамына осы фирмаға қатысы бар тұлға қосылған, несие кепілсіз берілген.
- "Семей" ӘКК-де жобалар қаражатты тез игеру үшін тиісті бағалаусыз және талдаусыз іріктеледі. Тұрақтандыру қорларын тексеру барысында өнімдер тиісінше сақталмайтыны, ассортимент шектеулі екені, сондай-ақ, тұрақтандыру қорлары сұранысы төмен тауарлардан тұратыны анықталды.
Мемлекеттік аудит барысында:
- 138 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар;
- 14,5 млрд теңге тиімсіз жоспарланғаны;
- 33,6 млрд теңге бюджет қаражаты мен активтер тиімсіз пайдаланылғаны анықталды.
- Сонымен қатар, 14 дерек бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына беру жоспарланып отыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова