- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Өзбекстаннан Үндістанға дейін"....
"Өзбекстаннан Үндістанға дейін". Жат жерден топырақ бұйырған қазақ ғұламалары
Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына сапары барысында жат жерден топырақ бұйырған ғұламалар туралы айтқан еді. Мәселен, Бейбарыс сұлтан мен әл-Фарабидің зираты Шамда, ал Төле би мен Әйтеке бидің зираттары Өзбекстанда, Құрманғазы мен Бөкей ханның кесенесі Ресейде қалған. Қазақта "туған жерден бір уыс топырақ бұйырсын" деген тіркестің астарында үлкен мән бар, бұл тектен-текке айтылмаған. Алайда алмағайып заманда түрлі жағдайға байланысты жат жердің топырағы бұйырған ғұламалар да болған. Massaget.kz тілшісі қандай ұлы тұлғалар шет елде жерленгеніне шолу жасады.
Берлиндегі түрік-мұсылман зираты
Жат жерде жерленген қазақ көсемдерінің бірі - Мұстафа Шоқай. Ол - көрнекті қоғам әрі мемлекет қайраткері, Түркістан автономиясының жетекшісі. Ол 1890 жылы жыл Сырдария губерниясы, Ақмешіт уезі, Наршоқыда дүниеге келген. Алайда Мұстафа Шоқайдың сүйегі Берлиндегі түрік мұсылман (Осман) зиратында жатыр. Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, Мұстафа Шоқайдың әйелі Мария Яковлевнаның өсиеті бойынша қайтыс болған күннің астындағы құлпытаста үш латын әрпі мен төрт сан жазылған: JOH.15.13. Бұл Інжілдің он бесінші тарауының он үшінші тармағын көрсетеді екен, онда "Достар үшін жанын берген адамнан артық махаббат жоқ" деп жазылған.
qamshy.kz
qamshy.kz порталының мәліметінше, Мұстафа Шоқай жерленген мешіт Берлиннің орталығында орналасқан. Қоғам қайраткері кезінде тоталитарлық жүйе салдарынан эмиграцияға мәжбүр болған. Деректерде оның алдымен Грузияға, кейін Түркия арқылы Германия, одан соң Францияға барғаны да айтылады.
qamshy.kz
Неге Төле би Өзбекстанда "Қалдирғоч би" атанған?
Үш жүздің биі болған тарихи тұлғалардың бірі Төле бидің кесенесі Ташкентте, ал Әйтеке бидің кесені Нұрата қаласында орналасқан.
Informburo.kz сайтындағы мәліметінше, Ташкенттің орталығындағы Шайхонтохур мемориалдық кешенінде Төле би жерленген. Алайда кіреберісте "Қалдирғоч би" деп жазылса, ішінде "Төле би" деп жазылған.
Төле би бейіті. Сурет Informburo.kz
Кесене шырақшысы Төле би қай халықтың тарихи тұлғасы екенін айтқан.
"Ол заманда нақты не өзбек, не қазақ ұлты толық қалыптасып үлгермеген еді. Сондықтан Төле би біз үшін ортақ болуы тиіс. Себебі оның ғұмырының көп бөлігі Ташкентте өтті. Сондықтан ол ел арасында "Қалдирғоч би" атымен белгілі болған", - деген кесене шырақшысы Сардорбек Informburo.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Қазақ тарихының құрылуына назар аударсақ, Тәуекел хан тұсында қазақтар Бұхараға дейін басып алған. Осы кезде Ташкент өңірі де Қазақ хандығы құрамына кірген. Ал жаугершілік заманда Ұлы жүз қазақтары Ташкентке қарай ығысқан. Деректерде Төле бидің де Ташкентте тұрақтауы осыған байланысты екені айтылады.
Ал Өзбекстанның Науаи облысында Әйтеке бидің де кесенесі орналасқан. Сайт мәліметінше, бұл қазақтардың қаржыландыруымен салынған. Кесене шырақшысы Әйтеке биге өзбектер де жиі зиярат ететінін айтқан.
"Әйтеке би мен Сейітқұл аталардың қабірі өте нашар жағдайда табылды. Құрылыстың басында болдым. Қазақстанның Атырау облысынан келген би ұрпақтары қаржыландырды. Бұған Өзбекстан үкіметі бір сом да төлеген жоқ", - деген ол Informburo.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Сейітқұл әулие мен Әйтеке би бейіттері. Сурет Informburo.kz
Үндістанда да жатыр
Қазақ шежіресін түгендеп, тарихын жазған Мұхаммед Хайдар Дулатидің сүйегі Үндістан жерінде жатыр. Оның әкесі кезінде Ташкенттің әміршісі болған. Алайда кейін оны Шайбани хан өлтірген. Деректерде әкесі өлгеннен кейін Мұхаммед Хайдар Дулати тарихтағы белгілі тұлға Бабырдың қолында тұрғаны айтылады. Ал кейін Сұлтан Саид ханға келіп, Қашқардағы сарайында тұрып, сарай қызметін басқарған. Осылайша, Саид ханның Әбубәкірге қарсы соғыстарына да қатысып, ханның мұрагер баласы Әбу ар-Рашид сұлтанның тәрбиешісі болған.
Ал Сұлтан Саид өлгеннен кейін таққа отырған Рашид дулат тайпасының басшыларынан қорқып, қуғындай бастаған. Осы жолда ол Мұхаммед Хайдар Дулатидің немере ағасын өлтіреді. Қауіпті сезген Мұхаммед Хайдар Дулати Үндістанға кетеді. Ол осында өзінің атақты еңбегі "Тарихи Рашидиді" жазып бастаған.
Танымал әнші, актер Байғали Есенәлиев мақалаларының бірінде Үндістанға сапарында Мұхамед Хайдар Дулатидің зиратына барғанын жазған.
"Сринагар елді мекенінен Мұхаммед Хайдар жерленген "Мазар и Салатин" зиратын жарты күн жүріп табанымыздан таусылып іздедік. Кімнен сұрасақ та, иығын қиқаң еткізіп бұрылып жүре береді. Бүкіл қазақ жеріндегі мазар атаулыны жатқа білетін бізге мыналардың қылығы тіпті түсініксіз көрінді", - деп жазған ол.
Сондай-ақ, зиратты іздеп жүріп, бір ақсақалдан жол сұрағанын әңгімелеген.
"Оның есімі Мырза Мұхаммед Хайдар доғлот Қашқари болады. Ұлы Зейін әл-Әбиденнен кейінгі көп өзгерістер жасап, Кашмир жерін қайта түлеткен ұлы реформатор. Біз оны құрмет тұтамыз. Кез келген адамға оның жатқан жерін көрсете бермейтініміз де содан деді", - деп жазған актер мақаласында.
Көршілес Ресейде де талай ұлылар жатыр
Ресеймен арада ұзақ уақыт тарихи байланыс болғаны белгілі. Сондықтан Ресей жерінде талай ұлылар не себеппен жерленгені де түсінікті. Бұл қатарда жыраулар да, күйшілер де болған.
Жырау әрі қолбасшы болған, ХV ғасырда өмір сүрген Доспамбет жырау Астрахань маңындағы Азау қаласында дүниеден өткен. Ол өлеңдерінде де "Азаулының Ыстамбұлдан несі кем?" деп жырлаған. Ал қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы Астрахань облысының бұрынғы "Шайтани батага", қазіргі "Құрманғазы төбе" деп аталатын жерінде жерленген.
Ялтада да жерленген
Қазақтан шыққан әскери қайраткер Ғұбайдолла Бөкеев - Жәңгір ханның кіші баласы. Ол әскери-әкімшілік қызметтер атқарған. Ашық дереккөз мәліметтерінде Петербургте жүрген кезінде қазаққа қарайласқаны, оқу бітірген жастардың қызметке орналасуына септігін тигізгені айтылады. Ол жалған жаламен қамалған Ақмолла ақынды да ақтап алған. Ал өзі қызметінен босап, отставкаға шыққанда, патша сыйлаған Ялтадағы мекеніне барып, сонда жерленген екен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова